Еліміздің әр аймағында азық-түлік жәрмеңкесі өтті
Оңтүстіктің көкөнісі Арқа мен Солтүстікке, Солтүстіктің еті мен сүті Оңтүстікке әкелінген. Баға әдеттегідей емес, базар нарқынан 20% төмен. Отандық өнімнің барлығы табиғи таза болғандықтан, сапалы. Мейрамды тойлауға әрі арзан бағамен азық-түлік сатып алуға шыққан халық көп.
Ертіс өңірінің шаруалары 110 тоннадан астам ет, сүт, бал және көкөніс өнімдерін арзан бағамен ұсынды. Халыққа Оңтүстік өңірден қырыққабат та әкелінген.
Дәметкен Қоқышқызы, қала тұрғыны:
- Біз әр уақытта осы жәрмеңкеге келіп жүреміз. Бағалары дүкендегілерден әжептәуір арзан және мына қаймақ, майлардың сапасы өте жақсы. Ауылдан келеді ғой. Өзіміздің ауылдан келетін кісілерден алып отырамыз. Рахмет! Сенбіде ғана болған, енді мереке қарсаңында ұйымдастырылып жатыр. Еттің бағасы 1500 теңгеден екен.
Ақтөбеліктер де мерекелік жәрмеңкенің игілігін көрді. Бүгінгі баға базардан 15-20% төмен. Әсіресе картоп пен бау-бақша өнімдері молынан сатылды.
Әсел Жаңабергенова, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
- Шаруа қожалықтарынан келіп жатыр. 41-дегі көтерме базардан келіп, 10-15% арзанға сатып жатыр. Шұжық өнімдері бар. Негізі жәрмеңке апта сайын «Әлия» жабық базарында, «Алтай» базары алдында сенбі сайын өтеді. Бірақ бүгін мейрамға байланысты халыққа осылай ұйымдастырып жатырмыз.
Түркістан базарларында 150 теңгеден сатылатын пияздар 53 теңгеден сатылды. Ал картоптың келісі – 75 теңге, сәбіз – 70 теңге, макарон – 150 теңге, күріш – 194 теңге, қант – 220 және сиыр еті 1250 теңгеден сөрелерге қойылды. Мұндағы 20-ға жуық өнімнің барлығы табиғи таза.
Әлима Досанова, қала тұрғыны:
- Құрт, май, ірімшік сияқты тағы да басқа тауарларды өте төмен бағамен алып отырмыз. Жәрмеңке біздің халқымызға өте тиімді. Өйткені бағасы да өте төмен. Қажет затымызды да бір жерден қомақты етіп алуға болады. Сол себепті мынадай жәрмеңкелер көп өтіп тұрса, бізге өте ыңғайлы болар еді.
Жалпы мұндай жәрмеңкелер еліміздің барлық аймағында тек мереке күндері ғана емес, демалыс күндері де тұрақты өткізіліп тұрады.
Авторы: Айбар Төлжанұлы