Хабар телеарнасы

Түркістанда республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр

Түркістанда «Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз» мерекесіне орай «Төрлет, Наурыз, төріме» атты республикалық командалық айтыс өтіп жатыр. Жыр додасына Түркістан мен Жамбыл облыстарының ақындары және өнерпаздары қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Көршілес жатқан екі өңірдің өнер майталмандары, бақ сынаған командалық айтыс қалай өтіп жатыр?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Халық айтысты сағыныпты. Түркістандағы «Конгресс холл» кешенінде өтіп жатқан жыр додасын тамашалуға келген айтыс сүйер қауымның санында есеп, ықыласында шек жоқ. Ұлттық дәстүрімізді дәріптеген өнер сайысына екі команда да тыңғылықты дайындалып келген.

Айтысқа әр командадан 8 адамнан қатысты. Оның 4 айтыс ақыны болса, қалғаны жыршы-термеші, дәстүрлі әнші мен күйші. Алдымен жыршы-термешілер сайыстың көркін қыздырса, одан соң күміс көмей әншілер дәстүрлі әннің тиегін ағытып, құлақ құрышын қандырды. Ал айтыс ақындары қыз бен жігіт сүре және қайым айтыс көрсетіп, көрерменге ерекше рухани кеш сыйлады.

Жамбылдық Асхат Қылышбек, Дархан Әбдіманат сияқты ақындар мен Түркістан облысының намысын қорғаған Дәурен Ақсақалов, Қажымұқан Абзалов сияқты жыр дүлдүлдерінің өнерін халық жоғары бағалады.

Зағипа Өмірзақова, қала тұрғыны:

- Біздің Түркістанда командалық айтыс деген бұрын-соңды болмаған екен. Одан бұрын сүре айтыс, түре айтыс дегендер бар екен. Ондай айтысты да біз естімеген екенбіз. Біз қызбен жігіттің арасындағы айтыс пен қайым айтыс дегенді біледі екенбіз. Керемет айтыс болып жатыр.

Тұрар Тілеулиев, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы»  облыстық филиалының төрағасы:

- Біздің бабадан балаға жеткен төл мұраларымыз, дәстүрлі әндеріміз, жырларымыз бен термелеріміз, күйлеріміз баршасы кеңінен сахнаға шығып жатыр. Наурыз мерекесінің қарсаңында халыққа үлкен қуаныш сыйлап жатыр.

Жыр сайысында Түркістан облысының өнерпаздары жеңіске жете ме? Әлде Жамбылдық жүйріктердің бағы жана ма? Оны алдағы 1 сағаттың шамасында Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы анықтайтын болады. Белгілісі жеңімпаз команда келесі айналымға өтеді. Сайысқа қатысушылардың барлығына демеушілер атынан арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етіледі.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов