Елімізде жыл соңына дейін 18 мектеп ашылады
Бұдан бөлек елорда әкімдігі мен инвесторлар арасында жеке мектептердің құрылысы бойынша 8 меморандумға қол қойылды. Ал 2021 жылдың соңына дейін 40 мың оқушыны қамтитын жеке білім беру ошақтары пайдалануға берілмек. Ол жайлы Үкімет отырысында айтылды. Жиын мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке арналды. 2006 жылдан бастап қазірге дейін елімізде мемлекет пен жекеменшік иелері арасында 1300-ге жуық келісім әзірленген. Олардың кейбіріне қол қойылса, басқалары әзірленуде. Ірі жобалар негізінен көлік, инфрақұрылым, энергетика, білім, денсаулық сақтау салаларында жүзеге асып жатыр.
Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі. Ол экономиканы дамытудың негізгі факторы және Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Жобалардың саны мен сомаларына қарасақ, осы бағыттағы жұмыстың қарқыны жаман емес. Бірақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуеті толық іске асырылмаған. Осыған байланысты өңірлерге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларды қарау кезінде бюджеттік шығындарды азайтатын жобаларға назар аударуды тапсырамын. Инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде көлік және энергетикалық, тұрғын үй, коммуналдық жобаларды іске асыруды жалғастыру қажет.