Қостанайда әскери қызметшілердің кәсіби деңгейі шыңдалып жатыр
Негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалап, облыстағы түзеу мекемелерін күзету. Әскери бөлім бүгінде жүректі де білекті, батыл сарбаздарды шыңдайтын орынға айналды.
Шыңғыс Сейдахынов 1 айдан соң Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді аяқтап, туған жері Талдықорғанға оралады. Жас өрен 1 жыл ішінде әскери тәртіпке әбден бой үйреткен. Ол әскери бөлім қабырғасында өтетін қоғамдық, спорттық шаралардың басы-қасында жүріп, марапаттардан кенде қалған емес.
Шыңғыс Сейдахынов, қатардағы жауынгер:
- Әрине, әскерде достарым көп. Көбі жан-жақтан келген: Атыраудан, Қызылордадан, Тараздан. Әскерге келгеніме қуанамын. Көп нәрсені үйрендім, білдім. Өмірге деген көзқарасым да өзгерді.
Ішкі әскер сарбаздары – қоғам тыныштығының сақшысы. Сондықтан олар қатермен күресуге әрқашан дайын болуы шарт. Небәрі 4 ай мерзім ішінде полицейлермен қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалау барысында бөлім жауынгерлері 187 әкімшілік құқық бұзушылықты айқындап, 16 қылмыскерді қолға түсірген.
Айбек Ілиясов, взвод командирі:
- Әрбір жарты жыл сайын жаңадан сарбаздар келеді. Оларды оқытып, үйрету – негізгі мақсатымыз. Сарбаздарды әскери ант қабылдауына дейін оқу пунктінен, яғни алғашқы әскери дайындықтан өткіземіз. Біз күнделікті өмірде сарбаздарымыздың әскери саланы өте жақсы меңгеруге қол жеткізуіне тырысамыз.
Әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттырып, жауынгерлік әзірлікті жетілдіру үнемі күн тәртібінде. Соңғы жарты жылда 500-дей қызметші дайындықтарын үздік бағаға тапсырып, 170-і спорттық разрядты иемденген.
Аманжол Әйтенов, 6697 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
- ІІІ, ІІ, І және шеберлік деген 4 негізгі сынақ бар. Сол сынақтардан өтетін болса, соғұрлым әр сынақ үшін әскери қызметшінің жалақысына ақша қосылады.
Еліміздің Қарулы Күштері тәуелсіздік жылдарында өз деңгейінде қалыптасып, оны одан әрі уақыт талабына сай жетілдіре түсу ісі тоқтамай келеді. Бүгінде халықаралық Global Firepower ұйымының рейтингіндегі жағдай бойынша Қазақстан әлемдегі үздік 50 әскер қатарына кіреді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров