Мәжілісте Қазақстан мен Литва арасында сотталған адамдарды беру туралы заң жобасы қабылданды
Депутаттар оны ратификациялау мәселесін мақұлдады. Келісімге сай Қазақстан азаматы Литвада сотталса, не оған мәжбүрлеп емдеу тағайындалса, елге қайтарылып, жазасын осында өтеуі мүмкін. Литва азаматтары да дәл солай еліне жіберіледі. Бірақ сотталған азаматты елге алып келу егемендікке нұқсан келтіріп, қоғамдық тәртіпке зиянын тигізетін болса, рұқсат берілмейді. Қазақстан мұндай келісімді 18 елмен орнатқан, қазір Болгария және Солтүстік Македониямен келіссөз жүргізілуде.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы шартта өздеріне қатысты сот шешімі шығарылған адамдарды беруден бас тарту туралы жеке бап бар. Осыған байланысты Қазақстан қандай негіздер бойынша қол қойған елдерге сотталған адамдарды беруден бас тартты?
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Еліміздің мүддесіне нұқсан келетін болса, өтелмеген шығындар болса, онда құқықтық шарт бойынша бас тартуға мүмкіндік бар. Биылғы жылы үш азаматқа, екі Ресейдің, бір Қырғызстанның азаматына бас тарту шарасын қолдандық. Өйткені олардың бізге келтірген залалдары өтелмеген.