Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл шоғын қойды
Адамзат тарихындағы ең ірі әрі ең ауыр қарулы қақтығыс Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына осынша уақыт өтті. Қанмен жазылған сол күндер алыстағанмен, батыр бабалар ерлігін бүгінгі ұрпақ ұмытпақ емес. Ұлықтап келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл шоғын қойып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Мемлекет басшысы соғыс және тыл ардагерлерін Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1,2 млн адам аттанған екен. Бұл сол кездегі халықтың алтыдан бір бөлігі болатын. Соның 410 мыңы Отанына оралмады. Қазақстандық жауынгерлер ұрыста ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 500 солдат пен офицер Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Оның 97-сі – қазақ.
Бейбіт күн. «Отан қорғаушылар» ескерткіші. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев батырлардың рухына тағзым етіп, шоқ гүлін қойды.
Отанды қорғау. Демек, отбасыңды қорғау. Ер-азаматтың пешенесіне тиесілі миссия. Қазір тоқсаннан асып, жүзге таяп қалған мына қариялар Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанда 18-20 жастағы қылшылдаған бозбала болатын. Олар соғыста есейді. Президент олардың әрбірінің қолын алып, алғысын білдірді.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Алқызыл қалампыр. Жеңіс гүлі. Бұл – сол жылдары себепсіз төгілген есіл ердің қаны мен жесір қалған әйелдің, жетім қалған баланың көз жасы іспеттес. Бұл – жеңістің 74-інші көктемі. Өкініштісі сол, араға жылдар салып жеңістің куәгерлері азайып келеді. Қазір Қазақстанда небәрі 1400-ден астам соғыс ардагері бар.
Солардың бірі – Құрмантай Айтжанов. 19 жасында соғысқа аттанған ол Польша, Румыния, Украина, Беларусь елдерін азат етуге қатысып, қан майданның ізімен Эльба өзеніне дейін жетті. Ардагер Жеңіс күнін Германияда қарсы алды. Ол даңқты жерлесі Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін әлі күнге еске алады, мақтанады.
Құрмантай Айтжанов, соғыс ардагері:
- Катюшамен Рейхстагтың алдында 7-күні тұрдық. Қошқарбаевтың взводы бірінші кірді.
Олар үшін 9 мамыр – ерекше күн, естелік күн. Соғыстан қайтқан солдаттар қан майданда қалып қойған қатарластарының рухын еске алатын күн.
Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген. Данасын даладан, баласын анадан айырған алапатты бүгінгі ұрпақ көрген жоқ. Көрмесін деген көп тілегі де бір.
Жахан Сейсебаев, соғыс ардагері:
- Біздің көргенімізді көрмей-ақ қойыңдар, ішкенімізді ішіп, жегенімізді жемей-ақ қойыңдар. Ешқашан соғыс болмасын. Заман тыныш болсын.
Ардагерлерге арналған арнайы жиынға 5 жасар Рамина Ахтанова да келді. Әйгілі майдангер жазушы Тахауи Ахтановтың шөбересі бейбіт өмір сыйлаған аталарына талдап гүл таратты. Шөбере, шөпшек, немене... Осылайша ұлы ерліктің естелігі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді. Себебі ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков