101-ші атқыштар бригадасынан көзі тірі жалғыз жауынгер қалды
Дегенмен құзырлы мекемелер бүгінге дейін құпия сақтап отырған деректер бар. Мәселен, Ржев түбіндегі шайқас көпшілікке толық жарияланған жоқ. Ондағы ұрысқа бірінші болып кірген қазақ жерінде құрылған дербес 100-ші және 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы болатын. Қазір Ақтөбеде 101-ші атқыштар бригадасының соңғы жауынгері тұрады.
Сатылған Бекмағамбетов, соғыс ардагері:
- Жол, аспан жоқ, ат шанада бес адам болдық. Қар, боран. Жүре алмайсың. Қобдаға үш қонып жүз шақырым жерге әрең жеттік.
Сатылған ақсақал – 101-ші атқыштар бригадасының көзі тірі соңғы солдаты. Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған батыр соғысқа өзі сұранып аттаныпты. Облыс орталығында жаңадан жасақ құрылып жатқанын естіп, ауылдан 5 бозбала болып шыққан. 1942 жылы 101-ші атқыштар бригадасы дәл осы жерде орналасты. Ғимарат алдында өткен тарихи парадта Кеңес Одағының маршалы Климент Ворошиловтың өзі жауынгерлердің дайындығына оң бағасын берген.
Калинин майданына түскен 101-ші атқыштар бригадасы Ржев түбінде шайқасты. Тарихта «Марс» операциясы деген атаумен белгілі бұл қырғында 2 млн-ға жуық жауынгер қаза болған. Алғашқы шайқастың өзінде 101-ші атқыштар бригадасынан 744 жауынгер қаза тапқан. Кескілескен ұрыста 1100 ұшақ, 3300 танк, 24 000 зеңбірек қолданылған. Ақтөбелік жауынгер Сатылған Бекмағамбетов те солардың бірінде снаряд тасушы болған.
Сатылған Бекмағамбетов, соғыс ардагері:
- Мені қол шанаменен снарядқа жіберді. Снарядты алып келе жатқанымда алдымнан бір офицер шығып: «Таста, арғы жақтағылардың барлығын бомба тастап жоқ қылып жіберді», – деді. Сөйтіп тығылғанша болмады, бомба тастап, жарақат алып қалдым.
Бүгінде жасы 98-ге келген қария үшін қанды қырғын шығыс Еуропа жерінде 1946 жылы аяқталған. Туған елге оралып, төрт жыл бұрын ауылдан ат шана жегіп шыққан жолдастарымен жүздесуге де жазады. Ал 101-ші атқыштар бригадасы жасақталған ғимаратта қазір «Дарын» мектебі орналасқан. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай арнайы музей ашылып, батырлардың ерлігі туралы экспонаттар жиналды.
Данағали Кенжебаев, қала тұрғыны:
- Әрбір Жеңіс күні қарсаңында бүгінгі күнге дейін осы мектепте кездесулер жасаймыз. Жүзге жуық адам болды. Әртүрлі ұлттар, орыстар, қазақта, түрлі маман иелері де болды.
Жылдағы дәстүр бойынша оқушылардың жауынгерлерді құрметтеу шарасы биыл да өтті. Жас өрендер осыдан 77 жыл бұрын жанын шүберекке түйіп, қан майданға аттанғандардың жүзін тарихи бейнематериалдар арқылы тамашалады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков