Хабар телеарнасы

Ақтөбеде еріктілер мұқтаж жанға баспана салып берді

Ақтөбеде еріктілер мұқтаж жанға баспана салып берді. Жалғызбасты ана қызы екеуі бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрған. Маржанай Ахметова биыл көктемде жиған-тергеніне үйінің іргетасын өзі құйып, қабырғасын қалап бастайды. Жалғыз өзі үй салып жатқан әйел туралы «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының мүшелері естіп, көмекке барған. «Қайырымды жандарға қала тұрғындары да қолұшын созды. Бөлмелерін әктеп, жылу желісін тартуға атсалысқан жастар жаңа жылға дейін қоныс тойын тойлаймыз»,– деп отыр. 

Таңатқан Тезекбаев, волонтёр:

-Біз келген кезде ішкі құмын төсеп, жалғыз өзі жұмыс істеп жатыр екен. Әрі қарай өзіміз көмегімізді берейік деп шештік. Ол кезде апайымыз айтқан бір бөлмесін бітіріп, кірсем болды. Сол маған жарайды, шүкір деп. 

Әрі қарай адамдардың өздері көмек берейік, қолұшын тигізейік деп өздері шықты біздерге. Осы үйдің бітуіне себепкер болған жандарға, демеуші болған азаматтарға-азаматшаларға рақмет айтамыз.

Маржанай Ахметова, қала тұрғыны:

-Ойлаған жоқпын. Жеті ұйықтап тұрсам да, түсіме кірмеген дүние ғой. Қуанышымда шек жоқ. Ұжымға рақмет! Мені осындай баспанаға жеткізді. Рақметім көп. Жұмыстары өрлей берсін. Осындай әркімге қуаныш сыйлай берсін!