Елбасы ЕАЭО елдері президенттерімен кездесті
Алқалы жиынға келген бірқатар мемлекет басшыларымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеке жолықты. Аталған басқосу Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығына және ЕАЭО жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орайластырылған.
Елбасы ең әуелі Беларусь Президентімен кездесті. Әңгіме басталмас бұрын Александр Лукашенко «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Бұл марапат еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығы, ЕАЭО жөніндегі келісімнің 5 жылдығы құрметіне және өзара қарым-қатынасты нығайтуға қосқан орасан үлесі үшін берілді. ЕАЭО құрудың басы-қасында бастапқыда Ресей мен Беларусь басшылары жүргенін Нұрсұлтан Назарбаев ерекше атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Александр Григорьевич, впервые я встречаюсь с Вами не как Президент, а как Лидер нации, Первый Президент с другими полномочиями. И хочу сказать всем друзьям вашим, соратникам, все эти годы мы были инициаторами всех интеграционных процессов. И мы за это воевали вдвоём всегда. В непростых условиях Вы Беларусь держите на таком высоком уровне. Поэтому с пятилетием этого мероприятия мы встречаемся. Я от души приветствую, Александр Григорьевич.
Екі ел арасындағы берік достық қазіргі таңда стратегиялық серіктестікке ұласты. Минск пен Нұр-Сұлтан арасындағы қарым-қатынас жыл өткен сайын дамып келеді. Бүгінгі күні Қазақстан Беларусьтің ТМД кеңістігіндегі ең ірі сауда әріптестерінің үштігіне кіреді.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президентi:
- Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл менің ғана емес, тұтас Беларусь халқының еңбегі деп білемін, сондықтан тұтас елімізге көрсеткен құрметіңіз үшін үлкен рахмет! Біз Сіздің көзқарасыңызды білеміз. 20 жылдан астам уақытта Сізден естіп те келемін. Беларусь ұнайтынына қуаныштымын, әрі Сізге көмектесуге, қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Кез келген уақытта құшақ жая қарсы аламыз. Қандай лауазым болмасын, бізді байланыстыратын өзгеше бір күш бар. Ол – достық. Сіз дұрыс атап өттіңіз, қандай қиын сәттер болмасын, қиюы шешілмеген қандай сұрақ болмасын бәрібір біз үнемі бір жақта болдық. Біз өз халқымыздың мүддесін қорғадық, ал Қазақстан мен Беларусь арасында бір де бір мәселеде қарама-қайшылық ешқашан болған емес.
Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен Президент өкілеттігін доғару шешімі жайлы да айтылды. Елбасы бұл шешімнің мән-маңызына тоқталды.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында ғана емес, өзара ынтамақтастықтың көкжиегін кеңейтіп отырған қырғыз елінің басшысымен де Елбасы жеке кездесті. Сооронбай Жээнбековтің кеудесіне «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін тақты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Біз – бір-бірімізге жақын, бауырлас халықпыз. Мен Сіздің еліңізді жақсы білемін. Қазақстанның алдағы уақытта да Сізді қолдайтынына сенімдімін.
Ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде екі ел туыстық, әріптестік бағыттан жаңылған жоқ. Кездесуде де Елбасы қазіргі ахуал оңай емес екенін, оның жүре түзелетінін, Қазақстан қандай жағдай болмасын, бауырлас елге қолдау көрсететінін атап өтті.
Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Нұрсұлтан Әбішұлы, туған ағайынмен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Сіз әлемдік масштабтағы саясаткерсіз, түркі әлемінің лидерісіз, Сіздің орныңыз біз үшін өзгеше. Бізге ақыл айтып, жөн сілтеп жүрген адамсыз. Тек қазақ елінің ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы елдердің достығын бекемдеп жүрген тұлғасыз. Қазақ халқына еңбек сіңірдіңіз, оны бәрі біледі. Біз Сізді құрметтейміз, сыйлаймыз. Мына орденіңіз мен үшін күтпеген сыйлық болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының қолынан мұндай сыйлық алу мен үшін үлкен мәртебе, әрі есте қаларлық оқиға болары сөзсіз.
Сенімді серіктестің бірі – Тәжікстан. Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон жеке жолықты, байырғы достар өзара ынтымақтастық, ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Наша дружба крепнет год от года. Вы возглавляете Таджикистан в условиях сложной ситуации в мире. Вы поступательно развиваетесь, в стране обеспечивается стабильность.
«Бірінші күннен бастап біздің достығымыз берік, қазақтың тәжік халқына деген көңілі де осындай», – деді Елбасы. Қиын-қыстау кезде Қазақстан қол қусырып қалған жоқ. Үнемі Тәжікстанға көмек қолын созып келеді. Бұл жұмыс жалғасып келеді.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:
- Алғашқы күннен бастап біздің қарым-қатынасымыз жақсы, осы жылдар ішінде тәжік халқына көрсеткен қолдауыңыз үшін тұтас елімнің атынан алғыс айтамын. Біз бірге көп жыл еңбек еттік, еңбек ете де береміз. Қазақстанның келбетінің уақыт санап өзгергеніне мен куәмін. Алғашқы кездесуіміз әлі күнге дейін есімде. Сол кездегі астана мен қазіргі қаланың келбеті қазір жер мен көктей. Қала ғана емес, күллі Қазақстан өзгерген. Халықтың өмір сүру сапасы да Сіздің еңбегіңіздің арқасы. Аймақтық серіктестікті дамыта береміз деп сенемін.
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянмен кездесуде ұйымның жұмысы жайлы талқыланды. Қазіргі таңда одақпен ынтымақтастық орнатқысы келетін мемлекеттер бар. Мәселен, Вьетнам, Қытай, Иранмен арадағы келісімдер соның айғағы.
Ал соңғы кезде Армения мен Қазақстан арасындағы өзара сауда саттық айтарлықтай өсті. Бұл жайында Премьер-Министрі Никол Пашинянмен кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Между Казахстаном и Арменией всегда были добрые отношения. Армянская диаспора в Казахстане является мостом между нашими странами. Это наши граждане – казахстанцы. Они объединяют бизнесменов между собой. В последнее время торговля выросла между нашими странами.
Никол Пашинян, Армения Республикасының Премьер-Министрі:
- Нұрсұлтан Әбішұлы, шақыртуыңызға үлкен рахмет! Сізді көргеніме және Қазақстанға тағы бір рет келгеніме қуаныштымын. Экономика саласында жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Ең бастысы, екі ел Үкіметтерінде қарым-қатынасымызды дамытуға деген саяси ерік-жігер бар. Біздің халықтарымыз тарихи тұрғыдан өзара байланысқан.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда Жоғары Еуразия экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Отырыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығына және ЕАЭО жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орайластырылған.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Руслан Жәкеев, Гүлжан Марқабаева