Елордада жаңа 7 емхана салынады
Елордада алдағы 3 жылда жаңа 7 емхана салынады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты. Жаңа емханалардың тек екеуі ғана мемлекет қаражатына салынады. Қалған 5 нысан жеке инвесторлардың ақшасына бой көтермек. «Бұл алдағы уақытта елордадағы емханаларға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады», - дейді министр.
Бүгінгі таңда елордадағы 1,5 млн-ға жуық халыққа қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің бірқатары екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. Әсіресе сол жағалауда емхана тапшылығы қатты байқалады.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Демографиялық болжам бойынша 2030 жылға дейін халық саны 2 млн-нан асады деген болжам бар. Осыған байланысты денсаулық саласының инфрақұрылымының дайындығын да біз қамтамасыз етуіміз керек. Астана қаласы бойынша бар болғаны 160-тан астам емдеу мекемелері болса, соның 35-і қалалық әкімдікке қарайды.