Хабар телеарнасы

Елордалық мектептерде «Смартфонсыз мектеп» жобасы іске қосылды

Екінші тоқсаннан бастап, елордалық оқушылар сабақта телефон ұстай алмайды. Себебі қаладағы бірқатар білім ошағы «Смартфонсыз мектеп» жобасын қолға алды. Оқушылар мен ата-аналар бұған қалай қарайды? Жаңа жобаның мақсаты неде?

Смартфон қажеттілік пе, әлде кедергі ме?  Жуырда білетін боламыз. Себебі Астанадағы бірқатар мектепте оқушылар екінші тоқсаннан бастап ұялы телефондарын тапсыратын болады. Әзір сыныптар бос, балалар күзгі демалыста. Бірақ олар сабаққа келгенше, сыныптарда телефонды сақтау үшін мынандай арнайы жәшіктер мен сөрелер дайындалды.

Кейбір білім ошақтары бұл тәжірибені әлдеқашан қолға алған. Мәселен, №2 гимназияда оқу жылы басталғалы бері, бірнеше сынып оқушылары смартфондарын тапсырып жүр. Жаңа тоқсанда бұл жаңалықты қолдаушы ата-аналар көбейген.

Сырым Нұғманов, Ғ.Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының директоры:

- Оқушы мектепке келгеннен кейін сынып жетекші сабақ басталмастан бұрын өзінің сыныбындағы барлық смартфондарды жинап алып, жәшік құрылғысына телефондарды салып қояды. Сабақ біткеннен кейін ол телефондар қайтарылып беріледі. Телефондарды біз қоңырау уақытында да бермейміз.

Бұл бастама алғашқыда бастауыш, кейін орта буын оқушыларына қолданылды. Енді жоғары сыныптағылар да смартфондарын ерікті түрде тапсырады.  Ал оқушылардың ұялы телефондары кілттелетін сөреге қойылады. Ұстаздардың сөзінше, смартфонан ажырау - балалардың оқу үлгерімін айтарлықтай жақсартқан.

Балай Мақсатқызы, ұстаз:

- Қазір тіпті оқушылардың 4-тен бір бөлігі телефон әкелмейді мектепке. Өйткені сабақ барысында бәрібір қолданбайды. Өздерінің ғана білімдеріне жүгінеді. Телефоннан көмек күтпейді. Артық ойындар қоңырау уақытында ойналмайды қоңырау кезінде. Бір-бірімен коммуникация көбейді. Сыныптағы достық қарым-қатынас ұлғая түсті. Яғни бір-бірімен сөйлесіп, қоңырау кезінде бір-бірімен ойнап жүреді.

Тоғызыншы сыныпқа көшкен Әли Айтқожа да бұл бастамаға қарсы емес. Керсінше, сабақ үстінде смартфоннан демалып қалатын болдық,-дейді.

Әли Айтқожа, оқушы:

- Жақсы қараймын. Өйткені телефонымызды бере алады бізге керек боп жатса. Ал бізден алмаса, бізге тек кедергі жасап жатады. Мысалы біреу хат жазылып қалуы мүмкін, соған көңілімізді аударамыз.

Әлидің анасы Айжан Хасенова да оқу процесі ұялы телефонсыз өткенін қалайды. Өзге  ата-аналар да жиналыста, бұл жобаны бірауыздан қолдапты.

Айжан Хасенова, қала тұрғыны:

- Мектеп табалдырығын телефонмен аттаған бала қаншалықты сапалы білім алады деген менде ой болды. Шулы хабар жүрді ғой SchoolBoy жайында бұл да бір ұялы телефонның залалы деп айта аламын. Соған орай, ұялы телефонды мектептен алшақтатқанына мен ++келісімідімін десем болады.

Психолог Лимана Қойшиева балаларды мектеп қабырғасында ғана емес, үйде де смартфоннан барынша алыстатқан жөн деп есептейді. Себебі балалардың арасында цифрлы аутизм атты дерт тарауда. Былтырғы мәлімет бойынша, 5 жарым мыңнан астам балада аутизмнің бұл түрі тіркелген,-дейді психолог.

Лимана Қойшиева, психолог:

- Тіпті, эссе жазғанда да көшіре салады екен көпшілігінде. Қазір сондай программалар шыққан ғой. Бұл дегеніміз өз бетінше ойлау, өз бетінше қиялын дамыту дейтін нәрсе қалып қояды. Сол үшін оның дамуына өте кедергі боп қалады.

Білім басқармасының мәліметінше, биыл «Смартфонсыз мектеп» жобасына қосылушылар қатары артқанмен, бұл жоба 4 жылдан бері іске асып келеді. Осы уақытта қаладағы 110 мектептің 70 пайызы  бастаманы қолдапты.

Аяжан Амантайқызы, қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы:

- Жалпы бұл ерікті түрде өтеді. Көп ата-аналар түсінбеу мүмкін, бұлар талап етеді деп. Жоқ олай емес. 4 жыл бұрынғы тәжірибені қарасақ, балалар бас кезінде біреуі ұялы телефонды сөреге қояды, өткізеді, біреуі өткізбей жатады. Ал 4 жылдың ішінде балалар үйреніп кетті де.

Әрине, мектептердің бәрі бірдей смартфоннан бас тартты деуге келмейді. Бірақ «Смартфонсыз мектеп» жобасына қосылушылардың қатары күн сайын көбейіп жатқаны қуантады.

Авторлар: Дана Әлиева, Самат Оспанов, Руслан Тәуірше.