Елордада жыл басынан бері 4 адам суға кетті
Өткен жылы 19 адам суға кеткен. Биылғы суға шомылу маусымы әлі басталған жоқ. Соған қарамастан 4 адамның өлімі тіркелді. Қайғылы жағдайдың 80% шомылуға тыйым салынған жерлерде болады. Мас күйде суға түсу – ажалдың бірден-бір себебі. Шомылу маусымының қарсаңында құтқарушылар жағажайларды аралап, азаматтарға қауіпсіздік шараларын түсіндірді.
Көмек сұрамас бұрын, қарапайым қағидаларды һәм ескертулерді ескерген ләзім. Ақыл емес әрине, сақтандыру. Күні бойы сақ отыратын құтқарушылар дабылды ести сала, жедел жиналып, ажалға араша түсуге асықты. Хош, бұл – арнайы дайындалған көрініс, десе де апат айтып келмейді.
Мерей Қалиасқар, тілші:
- Қала аумағында барлығы 19 су айдыны бар. Оның үшеуінде ғана шомылуға рұқсат етілген. Күніне 20 құтқарушы кезекшілік етеді. Жалпы бас аяғы осындай 12 жүзу техникасы бар.
Күн жылынса жұрт жанға саяны ерке Есілдің жағасынан іздейді. Бұл тұста құтқарушылардың жұмысы қауырт болатыны сөзсіз. Тәулік бойы өзен бетін шолады.
Азамат Кенжебеков, құтқарушы:
- Бір сағат сайын осы маңайды күзетеміз. Қоңырау түскенде 4 адам шықса, одан кейін көмектесуге 2-3 адам келеді.
Марғұлан Аманбаев, ТЖД бастығының міндетін атқарушы:
- Биыл ҚР Қорғаныс министрлігінің азаматы суға түскен баланы ағыстан шығарып, өзі қаза тапты. Ал 2-3 адам балық аулау ережелерін дұрыс сақтамағандықтан, қайықпен судың ортасына шығып өздеріне ие бола алмай қайтыс болды.
Мерей Қалиасқар, тілші:
- Төтеншеліктер жайма шуақ желсіз ауа райында шомылу қажеттігін айтады. Судың температурасы +20, ал ауаның температурасы +25-тен төмен болмауы керек және де арнайы рұқсат етілген, сондай-ақ құтқару қызметі бар жерлерде шомылу керек. Мәселен, мына жерде шомылуға болмайды.
Құтқарушылардың еңбегін жоққа шығарудан аулақпыз. «Нұсқау парақшалар таратып, ақпараттық белгілерді қойсақ, қайғылы жағдайды жойсақ» деп барын салып-ақ жүр. Тек соны ескеретін, шомылатын судың қауіпсіздігін тексеретін жұрт болса.
Авторлары: Мерей Қалиасқар, Есбол Жәмшитов