Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл өңірінде іссапарда болды
Оқушыларға орын жетіспейді. Аймаққа жасаған сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс басшылығына апатты әрі үш ауысымды мектептер мәселесін шешуді тапсырды. Мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен кездесу барысында облыстың дамуына тұсау болар мәселелерді ашып айтты және оның шешімін аймақ басшылығына жүктеді. Олардың арасында жалақыны көтеру, туризмді дамыту, жемқорлықпен күрес, қылмысты азайту секілді кесек-кесек мәселелер бар.
Жамбыл облысы – тарихи һәм экономикалық маңызды аймақ. Сондықтан елдің жағдайымен танысып, тұрмысын өз көзімен көру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа арнайы келді. Президент өңірге сапарын өндірістен бастады. «Қазфосфат» зауыты – тұтас Орталық Азия аумағында минералды тыңайтқыштар шығаратын жалғыз зауыт. Мұнда топырақтың құнарлығын арттыратын фосфорлы және азотты қоспалар шығарылады. Зауыт бұрын жылына 130 мың тонна өнім өндіретін. Былтыр қуаты еселенді, енді 500 мың тонна минералды тыңайтқыш шығарады.
Зауыт өнімінің 25% отандық диқаншылар тұтынады. Ал қалғаны экспортталады. Берісі Тәжікстан мен Ресей, әрісі Аргентинаға кетіп жатыр. Сұраныс бар, сондықтан зауыт басшылығы келер жылы қосымша цех ашып, өнім көлемін 1 млн тоннаға жеткізбек.
Төлепбек Исаев, зауыт бөлімшесінің директоры:
- Барлығы Қазақстаннан шығады. Ал шикізатымыз Қараталдан келсе, күкірт қышқылы өзімізде өнеді. Тек амиакты ғана сырттан аламыз. Зауытта 1050 адам жұмыс істейді, орташа жалақысы 147 мың теңгені құрайды.
Бұл үйде батыр тұрған! Мына тақтайша марқұм болған отағасы Ғазиз Байтасовтың ерлігін өткен-кеткен жанға паш етіп тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестерге қарсы тұрып, қаза тапқан Ғазиз Байтасовтың үйіне арнайы барды. 2011 жылдың 12 қарашасындағы қазақ үшін қаралы күн әлі ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Полиция капитаны, жол полициясының арнайы взвод командирі Ғазиз Байтасов лаңкестің ылаң салуына жол бермей, жарылғышты өз денесімен жауып қалды. Кейін оған бұл ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағы берілді. «Ел үшін қылған ерлік ұмытылмайды» деген Мемлекет басшысы батырдың жары Гүлжамал Тәжиевамен және оның артында қалған қос тұяғымен әңгімелесті.
Тараздың топырағын түртіп қалсаң қарт тарихтан хабар аласың. Сондықтан аймақты туристер үшін тартымды ету мақсаты тұр. Мемлекет басшысы «Көне Тараз» мұражайына да барды. 2011 жылы ашылған археологиялық саябаққа былтыр 145 мың турист келген.
Сауран Қалиев, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы директоры орынбасары:
- Тарихты танып білу үшін шетелдіктер, әсіресе мынау Шығыс Азия халықтарынан туристер келіп жатыр.
Облыс әкімі осы жерде Президентке «Шахристан – Көне Тараз» кешенін таныстырды.
Бүгінгі бизнес облыстың дамуына көмектесуге бейім. Жеке инвесторлардың көмегімен түрлі нысандар салынды. Дегенмен осындай бюджеттік жобаларды салуда әкімшілік кедергі көп. Жамбылдық жұртшылықпен кездескен Президент құрылыстың қарқынын арттыратын пилоттық жобаны іске қосуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- По моему поручению Жамбылскую область определили в качестве пилотной для опробирования новых подходов по строительству объектов инфраструктуры, прежде всего, социальной, жилищной и транспортной. В рамках данного пилотного проекта будут значительно оптимизированы и упрощены бюджетные, закупочные процедуры и перечень предоставляемых документов, таких, как проектно-сметная документация и других. Пилотный проект будет запущен уже в этом году. Если он будет успешен в вашей области, мы распространим его на всю страну.
Мемлекет басшысы осы кездесуде облыстағы оң өзгерістерді айтты. Бірақ түйіні тарқамаған бірқатар мәселені тізіп өтті. Соның бірі – халық табысының төмендігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аймақ республикалық бюджетке айтарлықтай тәуелді болып отыр. Облыстағы орташа жалақының мөлшері – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі, яғни 112 мың теңгені құрайды. 1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі. Жамбыл облысының кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Азаматтардың табысы лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты екені анық. Қазір еңбекке жарамды әрбір үшінші тұрғын өзін-өзі қамтыған. Олардың табысы жоғары деп айту қиын. Президент ретінде барлық деңгейдегі әкімге ескертемін. Сіздердің басты міндеттеріңіз – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту.
«Аймақтың өндірістік мүмкіндігін толық пайдалану керек», – деді Президент. Тараздағы арнайы экономикалық аймақты құруға 27 млрд теңге бөлінгенмен, онда бір ғана жоба жүзеге асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларды тартып, қант зауытының құрылысын бастауды тапсырды. Өндіріс өз алдына, ал халықтың әлеуметтік мәселелері үнемі басты назарда болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жамбыл облысында әлі күнге мектептерде оқушыларға орын жетіспейді. Сондықтан жаңа тұрғын үйлерді салу барысында оқушылар үшін орын тапшылығын, үш ауысымды мектеп пен апатты жағдайдағы ғимараттар мәселесін ескеру керек. Мен Үкіметке медицина саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдым. Әкімдіктер бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Нақтырақ айтсақ, медицина саласы қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп, ауылға келген жас дәрігерлерді ынталандыру керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген бір міндет – аймақта аграрлық саланы дамыту. Негізі облыстың бұл салада әлеуеті зор. Мемлекет басшысы облыста қант қызылшасы мен жеміс, көкөніс дақылдарының егіс көлемін ұлғайтуды және өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруды тапсырды. Себебі Үкімет келер жылдан бастап шетелден әкелінетін шикі құрақ қантына импорттық баж салығын салмақ. Президент: «Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалаларды дамытамыз», – деді жиында. Яғни шағын шаһар тұрғындарының да өмір сапасы артады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз – ашық азаматтық қоғам құрып жатқан елміз. Сол үшін мен Қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес маңызды заң жобалары мен жалпыұлттық даму бағдарламаларына сараптама жасайды. Бұл жұмысқа аймақ өкілдері белсене араласуы керек. Сондықтан облыс әкімдігі азаматтарды маңызды шешім қабылдауға және оны іске асыруға қатыстыруы қажет. Әрбір әкімнің бюджетті пайдалану жауапкершілігіне қатаң талаптар қоямыз.
Жемқорлықпен күресті күшейту, қылмыс көлемін азайту, есірткімен күрес, жастарды қолдау. Облыс басшылығына Президент бас-аяғы тоғыз тапсырма жүктеді. Кездесуге келгендер де ойларын ортаға салды. Ал маңызды жиын соңы мерейлі сәтпен аяқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев еңбегімен еленген жамбылдықтарды алғыс хатпен марапаттады.
Президентке «Әулие ата» халықаралық әуежайының әлеуеті таныстырылды. Халықаралық әуежай Оңтүстік-шығыс Азия – Еуропа, Таяу Шығыс – Сібір бағытындағы жүк және жолаушылар транзитіне айлып отыр. Өткен жылы әуежай 63 мыңнан астам жолаушы тасымалдаған. Ал Мемлекет басшысының Таразда тәмамдалған сапары Атырауда жалғасады.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- «Жамбыл облысының дамуына баса назар аударамыз», – деді Президент. Себебі қуатты Қазақстанды құрайтын да осы қуатты өңірлер екені мәлім. Жиында айтылған тоғыз тапсырма толық шешімін тапса, биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтетін Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысы түзеледі деген сөз. Дегенмен осы ауқымды жұмысты атқару басшының ғана емес, баршаның міндетіне айналуы тиіс. Себебі ортақ жетістіктен артық жеңіс жоқ!
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев, Алмас Омарғалиев, Руслан Жакеев