Арыс ауданының диқандары бір маусымда үш рет өнім алады
Жердің бабын тауып, ауа райының қолайлы кезінде іске кіріскен арыстық диқандар биыл 5 гектар жерге қырыққабат еккен. Наурыз айында отырғызылған көкөніс қазір түйін байлап, жайқалып тұр. «Көктемгі алғашқы өнімге әдейі қырыққабатты отырғызамыз. Өйткені ол ерте көктемдегі суыққа төзімді келеді», – дейді шаруалар. 70 күнде пісетін қырыққабатты маусымның ортасында жинап алады. Одан кейін екінші өнімге қияр мен қызанақ көшетін отырғызады. Қияр 40 күнде, қызанақ 50 күнде піседі. Оны теріп алғаннан кейін тамыз айында жерді қайта қопсытып, жүгерінің дәнін себеді. Қазан айында жүгері де өсіп жетіледі.
Кенжебек Әбдірайымов, кооператив төрағасы:
- Алғаш рет дәл осылай егіп отырмыз. Бұрын екі рет өнім алатынбыз, бірақ үш рет алып көрмедік. Енді үшінші өнімге үлгеруге болады. Бірақ біз жүгеріні пісіріп алмаймыз. Осылайша үш өнімді қазан айына дейін жинап, теріп аламыз деген мақсатымыз бар.
«Бір маусымда жерден үш рет өнім жиып алу аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді», – дейді мамандар. Өйткені өнім көлемі артады. Мақта егуге қарағанда табысы да 4-5 есе ұлғаяды. Бұл әдісті қазір облыстағы Келес, Жетісай, Мақтаарал және Арыс аудандарының шаруалары сәтті жүзеге асырып келеді.
Таңатар Жақыпбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Үш өнім еккен жағдайда 2 млн теңге қаржы шығын болып, 4-5 млн теңге табыс табуға болады. Өткен айдың 20-21-ші жұлдызында үш өнім алу жөнінде семинар кеңестер өткізілді. Кентау ауданының Шаға ауылында 2 гектарға қырыққабат егілді. Сондай-ақ Келес ауданының Бірлесу ауылында 6 гектарға үш өнім алу жөнінде тәжірибе жүргізіліп, көкөністер егілді.
Енді жаңашыл әдісті өңірдегі Төле би, Ордабасы аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларына да енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін қазір аймақтағы диқандар тың тәжірибені шаруашылыққа бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш