Баянауыл өңірі жаңа туристік маусымға қызу дайындалып жатыр
Әлемді əсем табиғатымен тамсандырған курорттық аймақта кезекті маусым ашылуға жақын. Қазір демалыс орындары соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Сонымен қатар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар қолға алынды.
Жаңа туристік науқанды асыға күткендердің қатарында құтқарушы Василий Распушинец бар. Тәжірибелі маман өмірінің 30 жылын осы жауапты қызметке арнаған.
Василий Распушинец, құтқарушы:
- Жасыбай – терең көл. Сондықтан демалушылардың қауіпсіздігі басты назарда. Соңғы жылдары туристердің мәдениеті өзгеріп келеді. Жауапкершілігі артып келеді. Дегенмен қазірдің өзінде кезекшілігімізді бастап кеттік.
Қазіргі уақытта Жасыбай курорттық аймағында тынығушылар көп емес. Дегенмен тылсым табиғатты тамашалауға елден бұрын келгендер бар.
Айнұр Жолдықара, демалушы:
- Біз тауға шықтық, өте әдемі көл, табиғаты ерекше. Жасыбайды география пәнінен көп оқыдық, осы көлді көру бізге арман болатын.
Туристік науқан маусым айының ортасында ресми түрде ашылмақ. Сол сәтте қонақүйлер демалушыларды қабылдай бастамақ.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Баянауыл өңірінің таулы көлдерінің суы әзірге жылына қойған жоқ. Сондықтан жергілікті жағажайдың барлығы бос тұр. Мамандардың айтуынша, биылғы жылы демалыс орындары 150 мыңнан астам туристі күтіп алмақ. Әзірге толыққанды демалыс ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымның барлығы сақадай сай.
Бүгінде курортта бір мезетте 3700 адамды қабылдай алатын 54 қонақүй бар. Болашақта олардың қатары тағы ұлғаймақ.
Нұржан Белібай, кәсіпкер:
- Дайындық қызу үстінде. Екіқабатты мейрамхана, қонақүй салдық. Енді аумағын абаттандырып жатырмыз. Сапалы қызмет көрсетуге әзірміз. Биыл шетелден көп қонақ күтеміз. Баянауыл сияқты әсем жерді әлем тануы керек.
Қазіргі уақытта 8 қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – тағы 500 орын пайда болады деген сөз. Ішкі туризмді дамытуға жергілікті инвесторлар құлшыныс танытуда. Басты мақсат – туристердің сұранысын өтеу.
Нұрқанат Дәрім, Баянауыл аудандық туризм және спорт бөлімінің маманы:
- Туристердің сұранысы бойынша экстремалды спорт түрлерін дамытып жатырмыз. Ол – арқанды саябақ, арқанмен түсу және балаларға арналған ойын батуттары, атпен, велосипедпен серуендеу.
Демалушыларды Баянауыл жерінің ғажайыпқа толы тау-тастары мен әсем су-көлдері тартады. Киелі жерде экологиялық, танымдық және спорттық туризм қарыштап дамуда. Ұлттық парк аумағындағы табиғи ескерткіштерді таныстыратын 20-ға жуық маршрут бар.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков