Орталық сайлау комиссиясы жаңа мәліметтерді жариялады
Тек Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстарында бір сағат айырмашылық болғандықтан, ондағы сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша 21:00-де жабылады. Шет елдерде де уақыт айырмасы ескеріледі.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Дауыстарды санау уақытына санаулы минуттар қалды. Сағат 18:00-дегі деректер бойынша орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов қазақстандық сайлаушылардың 72,9% дауыс бергенін айтты. Отандастардың көбі ел үшін маңызды шешім қабылдап, өз таңдауларын жасады. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола мен Алматы облыстарындағы сайлаушылардың 80% астамы дауыс берген. Қалған өңірлер 40-79% аралығын құрайды. Ал республикалық маңызы бар қалалардағы көрсеткіш қандай?
Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық Сайлау Комиссиясының мүшесі:
- Алматы қаласы бойынша 49,2%, Шымкент бойынша 63,6% және Нұр-Сұлтан қаласы 63,7% құрайды.
Сондай-ақ жарты сағат бұрын ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Роман Василенко шетелде жүрген қазақстандықтардың дауыс бергені туралы ақпарат берді. Оның мәліметінше, 15 349 отандасымыздың 54,2% дауыс берген екен. Ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген.