Сайлау бюллетеньдерін сайлаушылардың 77,4% алған
Енді дауыстарды санау жұмыстары жүріп жатыр. Осыдан 2,5 сағат бұрын, яғни 22:30-да орталық сайлау комиссиясы соңғы мәліметтермен бөліскен болатын. Олардың мәліметінше, Алматы облысының сайлаушылары белсенді, бұл аймақта келу көрсеткіші 90% жуықтаған. Қалған аймақтар да қалыс қалған жоқ.
Дауыс беру аяқталды, дауыс санау басталды. Орталық сайлау комиссиясының соңғы мәліметінше сайлау бюллетеньдерін сайлаушылардың 77,4% алған. Әсіресе өңірлердің белсенділігі жоғары. Солардың бірі – Ақтөбе облысы. Өңірде дауыс берушілер көрсеткіші 84,9% жеткен. Еліміздің батыс өңірінде сайлау учаскелері уақыт айырмашылығына сәйкес бір сағатқа кейін жабылды. Ақтөбеде санақ жұмыстары ертеңге дейін жалғасады. Себебі облыстың әкімшілік территориясы еліміздегі ең үлкендерінің бірі.
Гүлнәр Күнбаева, Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясы төрайымы:
- Мәселен, Шалқар ауданынан кешкілік 20:00-де сайлау учаскесін жауып, облыс орталығына жету үшін біраз уақыт қажет. Сондай-ақ Байғанин ауданының қашық орналасқандығынан, сайлау комиссияларының Ақтөбеге жетуін күтеміз. Сондықтан облыс бойынша сайлау қорытындысы ертең таңда белгілі болады.
Батыстан шығысқа ауыссақ. Шығыс Қазақстан облысында халықтың 84,9% дауыс берген. Алдын ала мәліметтер бойынша Семейде 240 мыңға жуық сайлаушының 70% жуығы саяси науқанға қатысқан. Сағат 20:00-де сайлау учаскелері жабылып, байқаушылардың көзінше пайдаланылмаған дауыс беру парақтары жарамсыз етілді. Комиссия мүшелері мұнан кейін алдымен үйлерінде дауыс берушілерге арналған жәшіктен және негізгі жәшіктен сайлау бюллетеньдерін алып, санауға көшті. Сайлау нәтижелері туралы алғашқы мәліметтер бірнеше сағаттан кейін белгілі бола бастайды.
Имдат Эфендиев, №260 сайлау учаскесінің төрағасы:
- Біздің сайлау учаскесінде 2068 сайлаушы тіркелген. Таңғы 07:00-ден бастап келушілер көп болды, белсенділік жоғары болғанын атап өткіміз келеді. Қас қарайғанның өзінде жұрттың ағылып жатқанын көрдіңіздер. Осы сәтте 1320 тұрғын дауыс берді. Бұл халықтың ел болашағы үшін маңызды науқанға аса жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді.
СҚО-да орналасқан 663 учаскенің барлығы кешкі сағат 20:00-де өз жұмысын тоқтатты. Дауыс беру процесі аяқталған соң комиссия мүшелері есікті жауып, бюллетеньдерді санауға кірісті. Өңірде 402 506 сайлаушы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, сайлау кезінде өңірде заңға қайшы жағдайлар тіркелген жоқ.
Гаухар Қошпанова, №624 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы:
- Сайлауға қатысушылар белсенді қатысты. Қазір сайлау бюлетеньдерін санауды жүргізіп жатырмыз. Ал аяқталғаннан кейін қорытынды сан жинағын қалалық сайлау бөлімшесіне тапсыратын боламыз.
Ертіс өңіріндегі 543 сайлау учаскесінің жұмысы ресми түрде 20:00-де тоқтатылды. Осы уақытқа дейін комиссия мүшелері дауыстарды есептеп, қорытынды жасауға кірісті. Маңызды саяси науқан барысында қандай да бір олқылықтар мен заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Мұны халықаралық ұйымдардың байқаушылары растап, азаматтардың белсенділігіне жоғары бағасын берді. Өңірде 24 халықаралық байқаушы жұмыс атқарды.
Біржан Өскенбаев, №11 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
- Азаматтардың белсенділігі жоғары болды. Тоғыз адамнан тұратын комиссия өз жұмысын мінсіз атқарды. Халықаралық ұйымдардың байқаушылары жұмысымыздың барысын назарға алды. Олардың қатарында Ресей, Әзербайжан елдерінің өкілдері болды.
Қызылордадағы сайлау учаскелерінде дауыс санау басталды. Бюллетеньдерді санау барысын шетелдік жəне жергілікті байқаушылар қадағалап отыр. Жалпы бюллетеньдерді санаудың алдын ала мәліметтері 10 маусым күні сағат таңғы 08:00-де белгілі болады. Ал нақты әрі соңғы жауабын ОСК 16 маусымда жариялайды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева