Сайлауда қоғам қайраткерлері мен өнер адамдары да белсенділік танытты
Белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов: «Осындай жауапты сәтте халықтың белсенділігі қуантады», – деді. Ал еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин таңертең №301 сайлау учаскесінде дауыс берген еді. Жазушы халықтың таңдауымен сайланатын президент тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдей білетін азамат болуы керек екенін айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева мен Еңбек Ері Аягүл Миразова да өз қалауын жасады.
Ал қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова үйінде дауыс берді. Өнер майталманы сырқаттанып қалғанын алдын ала ескерткендіктен, сайлау учаскесінің өкілдері Халық әртісінің үйіне арнайы келіп, бюллетень тапсырды. Әнші Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс бергенін айтты. Халық артисі Роза Рымбаева да азаматтық парызын өтеу үшін отбасымен сайлауға барды.
Бибігүл Төлегенова, КСРО халық артисі:
- Құдайға мың шүкір. Елімізде бәрі бар. Біздің еліміз бай мемлекет. Жастарға айтарым бар. Қайда жүрсеңдер де, жолдарың болсын, білімдеріңізбен елге пайда келтіруге тырысыңдар.
Олжас Сүлейменов, ақын, қоғам қайраткері:
- Бұл сайлау лайықты дәрежеде, жақсы өтеді деген үміттемін. Сайлаудың нәтижесі елімізге ашық аспан, халқымызға жарқын болашақ және әрдайым жақсы көңіл-күй сыйлауы тиіс.
Нұрлан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Елді жолынан жаңылдырмайтын, қалыптасқан мектептерімізді сақтайтын, әлемдік деңгейдегі елге қажетті деген әлеуметтік, саяси, рухани, экономикалық сипаттардың бәрін толық сақтай отырып, елдің тәуелсіздігін шын мәнінде сақтап қалатын бізге осындай саясат керек.