Биыл – Елбасының «Семей полигонын жабу туралы» Жарлығына 28 жыл
Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, «29 тамыз – Дүниежүзілік жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту күні» деп жариялауды ұсынды. Бұл ұсыныс БҰҰ тарапынан толық қолдауға ие болды.
Содан бері Қазақстан өз ұстанымынан айныған емес. «Бірақ ядролық қарусызданудың ғаламдық процесіне біржақты баға беруге болмайды», – дейді мамандар. Саяси ерік-жігердің аздығы, өзара сенімнің жоқтығы атомнан ада әлем құруға кедергі келтіріп отыр. Демек, Қазақстанның бейбітшілік миссиясы әлі аяқталған жоқ.
Полигон зардабын өз басынан өткерген ел ғана сезіне алады. Ядролық сынақтардан 1,5 млн-нан астам қазақстандық жапа шекті. Қазақ даласының 300 мың шақырым жері жарылыстан уланды. Семей сынақ алаңы қазақтың дертіне, қайғысына, қасіретіне айналды. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев түсінді. Түсінді де тарихи, дегенмен тәуекелі зор шешім қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 29 тамызында «Семей полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Күллі әлем жұртын елең еткізген Елбасының сол Жарлығына биыл 28 жыл толып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Әлемдегі АҚШ, Ресей мен Украинадан кейін көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдың тағдыры туралы мәселе ашық күйінде тұрған. 1991 жылдың соңында ел аумағында 1216 ядролық оқтұмсық болды. Бұл сол кезде Ұлыбританияның, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де көп болатын. Мен ядролық қару-жарақ Қазақстанның аймақтағы ықпалын күшейтуге қабілетті дейтіндердің пікірімен мүлдем келіспедім. Саясаткер ретінде ядролық мемлекет мәртебесі елге болмашы ғана артықшылық беретінін, есесіне болашақта үлкен сыртқы саяси проблемалар тудыратынын айқын түсіндім.
Ол жарлықта: «Қазақстан халқы өз миссиясын орындады, біздің арқамызда әлем III Дүниежүзілік соғыстың басталуынан аман қалды», – деп жазылған. Шынымен Елбасы халқымен бірге бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін тарихи миссияны жүзеге асырды. Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жігерін жаһан саясаткерлері жоғары бағалайды.
Пан Ги Мун, БҰҰ 8-ші Бас хатшысы:
- Мен өзімнің Семейге сапарымды еш уақытта ұмытпаймын. Қазақ басшысының батыл шешімінің арқасында Семейде бейбітшіліктің лебі есіп тұр. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды антиядролық қозғалыстың негізгі нүктесіне, қозғаушы күшіне айналдырды.
Ядролық қарусызданудың қазіргі ғаламдық процесіне біржақты баға беруге болмайды. БҰҰ дерегінше, әлемде қазір 15 700 ядролық оқтұмсық сақтаулы. Әлемде жинақталған ядролық қарудың арсеналы бұрынғыша, жер бетіндегі тіршілікті бірнеше рет жойып жіберуге жеткілікті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Жетекші ядролық мемлекеттер арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда орта және кіші қашықтықтағы зымырандардың жойылуы туралы шарттың бұзылу қаупін ерекше атап өткен жөн. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың болуына жол бермеу үшін жұмыс істеуі қажет. Бұл күллі адамзат алдындағы жауапкершілігіміз болып саналады. Жаһан жұрты оны мойындап отыр.
Биыл 29 тамызда Семей полигонында алғашқы ядролық сынақтың өткізілгеніне 70 жыл толады. Бұл жай ғана дата емес. Ол қазақ даласының тәніне түскен қауіпті жара болатын. Ал Қазақстан тұтас адамзатты бейбітшілікке шақырудан шаршамайды. Алда үлкен мақсат бар. Ол – 2045 жылға дейін ядролық қарусыз әлем құру.
Авторы: Гүлжан Марқабаева