Елбасы Қазақстанды құру жолында әлемдік өркениеттің озық үлгілерін саралады
Елдің тыныштығы мен бейбіт өмірі, мызғымас бірлігін нығайту үшін маңызды тарихи шешімдерге қол жеткізді.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанған соң әлемдік саяси картада республика шекарасын айқындау міндеті тұрды. Десе де Ресей, Қытай сынды алпауыт елдермен, бауырлас Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекара шебін белгілеу оңайға түспегені анық. Ел мен жер тағдыры шешілер күрмеуі қиын мәселеде көршілермен ортақ мәмілеге келді. 2001 жылы жасалған делимитация және демаркация жөніндегі келісімге сәйкес еліміз ең алғашқы болып Қырғызстанмен арадағы 1241 шақырымдық шекараны бекітті. Жалпы Қазақстанның Ресеймен арадағы шекарасы 7591 шақырым, ҚХР-мен 1782, Өзбекстанмен 2351, Түркіменстанмен 426 шақырымды құрайды.
Уәлихан Қалижан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Мен ол кезеңдерде Парламент Мәжілісінің депутаты едім. Өзбекстан мен ҚХР арасындағы шекараны делимитация мен демаркация жөніндегі заңдарды жүргізгенмін. Осы кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақтың бір метр жері кетіп қалмасын», – деді. Бізге «табанды болыңдар» деген болатын. Осы кезеңнен бастап Қазақстан Республикасының Ресеймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Қытаймен шекарасын шегендеу мәселесі күн тәртібінің алғашқы кезеңіне қойылды.
Ғани Қасымов, ҚР Кеден қызметінің генерал-майоры:
- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттік даму ғана емес, дербестікті сақтап тұрудың өзі қиын болды. Шекараны берік ұстау, әр тасына дейін таңбалап, бекіту қажет болды. Шекаралық әрі кедендік бақылау бекеттерін орнатуды көршілерімізбен бірігіп жасадық.
Ал 1992 жылы Президент жарлығымен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Комитет құрылымындағы барлық өзгеріс әлемдегі және елдегі ахуалмен тығыз байланысты болды. Елбасы тапсырмасы уақыт талабымен айқындалып отырады. «Комитет жұмысындағы нақты міндеттерді бекітіп, кадрлық құрылымды, заңнамалық құжаттарды жасау Елбасының қатаң бақылауында болды», – дейді ҚР ҰҚК ең алғашқы төрағасы Болат Баекенов.
Болат Баекенов, ҚР ҰҚК бірінші төрағасы, генерал-лейтенант:
- Нұрсұлтан Әбішұлы ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің құрылуы мен дамуына ерекше көңіл бөлді. Апта сайын республикадағы қауіпсіздік жағдайы туралы дайындалатын есептік баяндаманы мұқият зерделейтін. Кемшіліктерді байқаса, дереу дұрыс орындалуын талап ететін.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елде бейбіт өмір қаймағының бұзылмауына барынша күш салды. Ішкі тәртіпті күшейтіп, сыртқы қауіпсіздікке қатер төнбеуін қадағалады. Көршілермен достық әрі ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты. Бұл 30 жыл ел басқарған Тұңғыш Президенттің қол жеткізген жетістіктерінің бір сыпырасы ғана.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев