Хабар телеарнасы

Қытаймен шекарада қоңыз қаптады

Абай облысының Қытаймен шекарадағы Мақаншы ауданындағы ағайын дабыл қақты. Еміл өзені алабындағы және Алакөлді жағалай орналасқан Жарбұлақ пен Қарабұлақ ауылдарының тұрғындарынан маза қашқалы бірнеше күн.

Айтуларынша, колорад қоңызына ұқсас қызыл түсті зиянкес жайылым жерлердің шөбін жайпап барады және бұрын-сонды мұндай жәндік Алакөл маңында кездеспеген. Аталған қоңыздар жайылымнан бөлек жазда милионнан астам демалушы келетін көлдің жағалауын да жайлап алған. Жұрт көк мол шыққан кезде жылқылардың көтерем болып құлап жатқанын да осы беймәлім жәндіктерден көріп отыр.

Мақаншы ауданы Қытаймен және Жетісу облысының Алакөл ауданымен шектеседі. Бақты шекара бекеті жағындағы ауылдар, қырдағы Еміл өзені алабындағы жайылымдардың барлығында қазір осы жағдай. Аудан орталығы Мақаншыға да кіріп алған. Жұрт бұндайды бұрын көрмегендіктерін айтады.

Ермек Сатпақов, Мақаншы ауылының тұрғыны:
- Мынадай өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Колорадский жукқа ұқсайды екен. Табиғат биыл қоңыз басты деш. Не боп кетті өзі?

«Не боп кетті?» деген сұрақпен Ауыл шаруашылығы министрлігіне бардық. Айтуларынша бұл беймәлім емес, атақты Entomoscelis adonidis жәндігі екен. Қазақша айтқанда рапс жегіш қоңыз. 

Алмат Сүлейменов,  ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті өсімдіктерді қорғау басқармасының басшысы :
- Таңертең инспекторлар мен болжау орталығының мамандары өңірге шығып кетті. Оның рапс жегіш қоңыз екенін анықтады. Егістік және бау-бақша иелеріне алқаптарды дәрілік өңдеуге ұсынымхат берілді. Ал мемлекет қарауындағы жерлерді залалсыздандыру
әкімдіктің міндеті.

Мақаншылық жұрт қарақұртша қаптаған қоңыздың малға да зияны тиюі мүмкін деп топшылайды. Өңірде қазір ауа райы малғажай. Көк қалың, от мол. Бірақ мына бір жылқы мен құлыны:

Айдын Жыланбаев , Үржар аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы:
- Таңертең мониторинг жасап, ауылдың мал дәрігері бар, әкімшіліктің мамандары, аралап шықтық. Шағынтоғай, Емілдің екі ортасында, өзенннің маңайында жиналған жылқылар, жайылымда жүрген жылқыларды. Ешқандайда қоңыздың бұл жерде қатысы жоқ деп ойлаймын. Өйткені қоңыз ол жылқының үстінде тұрған жоқ. Өйткені қоңыз шөптің бәрін жеп жатыр. Ондай кездерді көрдік.

«Әлгі рапс жегіштің малға зияны бар ма?» деп сұрадық министрлік өкілінен. 

Алмат Сүлейменов, ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті өсімдіктерді қорғау басқармасының басшысы:
- Жылқыға зияны тимейді. Бұл қоңыздар өсімдік жапырағын жейді, жалпы шөпқоректі жәндік. Негізінен рапс және өзге де майлы дақылдарға қырғидай тиетін қоңыздар. Немесе бұрын рапс егілген алқаптар болса, соны жайлап алады. Оны жеңудің жалғы жолы
ошақтарын залалсыздандыру. 

Рапс алқабын қайдам, қызыл түсті қоңызыңыз Алакөлдің жағасынан не тапты деген сұрақ жұрт көкейінде.

Алакөлге шомылу маусымы кезінде миллионнан астам адам демалуға келеді. Әзірге әйгілі көлдің жағалауын миллиондаған қоңыз жайлап алған.

 Облыс әкімдігінде түсіндіргендей, ауданнан жұмыс тобы Алакөлге барып, қоңыз жайлаған жерлерді залалсыздандыруды бастапты. Әзірге 10 гектар аумаққа дезинфекция жасалған, апта соңында дейін 35 гектар аумақты қамту жоспарланып отыр. 

Шолпан Ахметова, Үржар аудандық дезинфекция медицина мекемесінің маманы:
- Влажный дезинфекция жасадық каратэмен, екінші термогенератормен, онда да дәрі бар. Сонымен жасадық. 25 минуттан кейін нәтижесін көрдік. Бәрі өлді.

Қоңыздың қаптағаны әсіресе көл жағалауындағы демалыс орындарының иелерін қатты алаңдатқан еді. Себебі бір айдан соң шомылу маусымы басталады.

Меруерт Айтқазықызы, кәсіпкер:
- Қоңыздан тазалау жұмыстарын бастап кеткен екен. Өте қуаныштымын. Қазірдің өзінде көріп отырмыз.  20-25 минуттың ішінде сепкен дәрілердің бәрі әсер етіп, қоңыздар кетіп қалып жатыр. Демек маусымға дайындық бізде жүріп жатыр деген сөз. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінде атап өткендей, Entomoscelis adonidis қоңызы майлы дақылдар егілетін Қазақстанның барлық өлкесін мекендейді. Жуырда Алматы облысында 500 гектар алқапты жайлап, көп ұзамай жойылған еді.

Абай облысында да аталған зиянкестердің шапқыншылығы тойтарылатын күн алыс емес деп сендірді.

Берік Дүйсенбай, Аян Сәрсенбаев