Семейде Арыс балаларына арналған жазғы лагерь ашылды
Олардың алғашқы тобын семейліктер теміржол бекетінде қуанышпен қарсы алды. Пойыздан түскен 150 арыстық оқушының 50-і Семейде қалса, қалғандары Қатонқарағай ауданы мен Риддер қаласына аттанды. Ал «Қарағайлы» шипажайында білікті дәрігерлер мен тәжірибелі тәлімгерлер балалардың демалыстары қызықты әрі пайдалы болуы үшін барлық жағдай қарастырылғанын айтады. Оңтүстіктен келген оқушылар 10 күнде шипажайдан бөлек қаланың көрікті орындары мен мәдени ошақтарын аралап көреді. Сонымен қатар Абай, Мұхтар, Шәкәрім дүниеге келген Шыңғыстау өңірін де арнайы араламақ. Ендеше арыстық балалар тек қана тынығып қоймай, рухани толысып оралады.
Бақдәулет Темірхан, оқушы:
- Бұл жерді мен бұрын теледидардан, жаңалықтардан көретін едім. Енді Абай атамыздың жеріне келіп жатырмын. Ертіс өзенін де көрдім. Бұл жер өте әдемі. Бұл жақтан да достар табамын, өйткені мұнда адамдар өте мейірімді және қарапайым. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса екен.
Бағлан Шегедеков, шипажайдың бас дәрігері:
- Біздің шипажай – қарағайдың ортасында тұрған орын. Қарағайдың ауасы адамға дәрі, ем. Осы таза ауада түрлі шаралар өткізіледі. Балалардың көңіл-күйлерін көтеріп, 10 күннен кейін жақсы әсерде үйлеріне аттандырамыз деген үлкен ойымыз бар.