Аптап ыстыққа байланысты өңірлерде сақтық шаралары қолға алынуда
Қарағанды облысында күннің ысуына байланысты дала өрті өршіді. Былтыр 1680 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл 3 мыңнан аса алқапты тілсіз жау шарпыды. Облыс бойынша қазірдің өзінде 3 аудан Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Жаз басталысымен суға түсушілердің қарасы артатыны белгілі. Төтенше жағдай қызметі қазір күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр.
Шомылу маусымы ашылғалы бері аймақтың 10 азаматы қаза тапты. Оның біреуі – бала. Жыл сайын аймақтағы су қоймаларының маңына 300-ге жуық қауіпсіздік белгісі орнатылады. Дегенмен бұл сақтық шараларының өзі аздық етіп отыр.
Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы:
- Біз жан-жақты адамдарды хабарландыру бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Жайсыз жағдайларға әкелетін себеп – адамдардың өздері біле тұра ережелерді бұзуында. Тіркелген жайсыз оқиғалар дені тыйым салынған жерлерде болған.
Жамбыл облысындағы аптап ыстық апта соңына дейін жалғасады. Қапырықтан тынысы тарылғандар тарапынан жедел жәрдем шақыру 20% артып отыр. Осы аптаның өзінде 7 мыңға жуық қоңырау түскен. Дәрігерлер қала тұрғындарын аса мұқтаждық болмаса, үйден шықпауға кеңес береді.
Жанар Қадырбаева, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының аға дәрігері:
- Науқастың үйде болғаны жақсы. Учаскелік дәрігердің тағайындауын тұрақты қабылдау қажет. Күн сәулесінен сақтанатын бас киім кию керек. Мұндай жағдайда көбірек су ішкен жөн. Бастысы энергетикалық сусындарды, газдалған сусындарды қабылдамаған дұрыс. Әлсіздік, жүрек айнуы сынды белгілер пайда болған кезде денені сумен ылғалдандыруға кеңес береміз.
«Ираннан ауған ыстық ауа еліміздің оңтүстігінде әлі біразға дейін сақталады», – дейді мамандар.
Анна Ралдугина, кезекші синоптик:
- Жақын күндері облыстың оңтүстігінде 18 шілдеге дейін 35-40°С-қа дейін ыстық болады, тіпті 42°С-қа дейін көтеріледі. 18 шілдеде 32-37°С-қа дейін ауа температурасының аздап төмендеуі байқалады. Бұл салқын солтүстік-батыстан келеді.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жаздың келгеніне қуанып жатыр. Маусым жауын-шашынды болды. Өңірде 5 күн қатарынан күн ысып, 30°С-тан түспей тұр. Тұрғындардың дені жағажайларды жағалап, балалар шаһардағы субұрқақ маңын торлап жүр.
Сайран Әлжанов, қала тұрғыны:
- Ыстыққа қуанып жатырмыз. Өйткені көптен жылу көрмедік. Мен рахаттанып жылынып жатырмын. Бірақ әрине, көп ыстық керек емес.
Өркен Жәнібеков, қала тұрғыны:
- Солтүстікте ыстықты көріп тұрғаным осы. Жаз кеш келсе де, қуаныштымыз. Қызылордада мұндай ыстықты көргенмін. Маған ондай қиындық тудырып жатқан жоқ.
Мамандар кейбір өңірлерде сынап бағанасы 40°С-қа дейін баратынын айтып отыр. Сондықтан олар тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков