ҚР Мәдениет және спорт министрі халықаралық ән фестивалінің жүлдегерлерімен кездесті
Жерлесіміз Әділхан Макин «Славян базары» халықаралық ән фестивалінің гран-приі мен Беларусь басшысының «Славян үміті» арнайы сыйлығын қазақ еліне алып келді. Украинада тағы бір ұлымыз жүлделі болды. Мәдениет және спорт министрі талантты жастармен кездесіп, жеңімпаздарды құттықтады.
Славян базарының қорытынды күніндегі қазақ баласының батылдығы ән фестиваліне келгендерді еріксіз қол соқтырды. Әділхан Макин 28-інші рет ұйымдастырылып отырған аталмыш байқаудың гран-приі мен Беларусь президенті Александр Лукашенконың «Славян үміті» арнайы сыйлығын қанжығасына байлады. Қазақ әнінің мерейі халықаралық сахнада кезекті рет асқақтады.
Жеңімпазды бірінші болып өз елінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтады. «Ән базары – славяндікі, ал жүлде – қазақтікі», – деп қалжындап жатты жиналғандар. Осыдан төрт жыл бұрын да Витебск сахнасында дара талантымыз Димаш Құдайберген абыройымызды асқақтатқан-ды.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Алда да өнерлеріңді ұштап, тек қана биіктен көріне беріңдер. Осы жеткен жетістіктерің тек қана бір саты болып, асқар тауға өнерлеріңді ұштай беріңдер деген үмітпен сендермен кездесіп отырмыз. Ұстаз ретінде біз талантты жастарды әрқашан да қолдауға дайын екенімізді айтуға рұқсат етіңіздер.
Әділхан ән байқауының қос күнінде де қамшы салдырмай, оқ бойы озып тұрды. 25 жасар өнерпазымыз бұған дейін талай конкурста жүлде алған. Жігітті шын таланттар танып, мойындағанымен, қалың көрермен арасында танылып үлгермеді. Оның бір себебі әншінің репертуарында. Танымалдылық әкелетін той әндері талғамына тар келсе керек.
Әділхан Макин, «Славян базары-2019» фестивалінің гран-при иегері:
- Біз қазақ халқы тойды жақсы көреміз ғой. Бірақ өнердің құнын кетірмейік. Үлкен сахналарда қазақи әрі қайталанбас шығармаларды көрсетуге тырысайық.
Әділханның ұстазы оның 3 октава дауысы әлеуетін әлі толық көрсетпегенін айтады. Грузияның танымал орындаушысы Тамара Гвертецели қазақ әншісіне «әмбебап вокалист» деген баға беріпті. Ол классикалық вокал, эстрадалық орындау мен ұлттық әндерді көмекеймен салуды әдемі сабақтастыра алады.
Янис Кайсиди, Әділхан Макиннің ұстазы:
- Ән айту – оның бары. Бұл қуантпай қоймайды. Кейде тіпті шаршап кетіп, «болды, тоқта» дейтін кездерім болады. Сонда да Әділхан: «Жоқ, тағы дайындалайық», – дейді.
Салтанатты кездесуде министр Украинаның «Молодая Галичина» халықаралық фестивалінің І жүлдесін әкелген Мереке Кенжеғұловты да құттықтады. Бір мезгілде қазақ өнерпаздарының екі бірдей үлкен сахнаны бағындыруы кездейсоқтық емес. «Қазақ өнерінің жаңа, жеңісті дәуірі басталды», – деді министр.