Коммуналдық төлемсіз несиеге жол жабық
Себебі қазір ақтөбеліктердің ауызсу мен кәріз жүйелері қызметіне қарызы 30 млн теңгеге жуық көрінеді. Қадағалаушы мекеме өкілдері де бұл шараның еліміздің заңына қайшы еместігін мәлімдейді.
Гүлжан Бисенбина ертеден кешке дейін үй жағалап, су есептеу құрылғыларынан ақпарат алады. Тұтынушылардың қарызы туралы хаттама тарату да мойнында. Бір өзі 30 күн ішінде 1700 пәтерде болуы тиіс. Бірақ есік ашпай, тіпті краннан аққан судың ақысын төлеуден бас тартып, қоқан-лоқы көрсететіндер де бар көрінеді.
Гүлжан Бисенбина, бақылаушы:
- Төлей алмайтын, ішетін адамдар бар. Отбасында жұмыс істемейтін адамдар бар. Көбіне сондай адамдар қарыз. Пәтер жалдаушылардың арасында түсініспеушіліктер де кездеседі. Бірде пәтерақыны жалдаушылар төлесе, кейде үй иесі өзі төлейтін жағдайлар да ұшырасады. Сондай жағдайларда төлем көлемі жиналып қалады.
Борышкерлер ісін монополист компания бұған дейін сотқа жолдап келді. Енді жаңа заңға сәйкес екі жақ арасындағы шиеленістің шешімін нотариустер де анықтауға құзырлы. Ал қарыздар жандарға қатысты түрлі әкімшілік жаза қолдану сот орындаушыларына жүктелген. Тіпті коммуналдық төлемнен қашқақтаған азаматтардың шетелге шығуына шектеу қойылады.
Азамат Егізбаев, республикалық жеке сот орындаушылар палатасының президиум мүшесі:
- Әкімшілік атқару өндірісі туралы іс қозғалғаннан соң қарыздар азаматтың екінші деңгейлі банктердегі есепшотына, жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынады. Шекарадан шығуына шектеу қойылады. Егер бұл шаралардан нәтиже болмаса, іс сотқа жолданып, әкімшілік қамауға алынуы да мүмкін.
Нұрлан Болатбаев, ТМРБ және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
- ҚР Кредиттік бюролар туралы және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңына сәйкес бұл ақпаратты беру заңсыз емес. Коммуналдық қызмет атқаратын табиғи монополиялардың субъектілері мұндай ақпаратты беруге міндетті деп айтуға болады.
Қазір көпшілікті толғандырып отырған басты мәселе – ақпараттық қауіпсіздік. Дегенмен коммуналдық мекеме өкілдері: «Азаматтар туралы құпия ақпар әркімнің қолында кетпейді», – деп сендірді.
Тимур Бабанаев, коммуналдық кәсіпорынның вице-президенті:
- Ақпараттық қауіпсіздік саласында белгілі талаптар бар. Мамандарымыз да тиісті дәріс алды. Тіпті борышкерлер тізімі жазылған электрондық тасымалдаушымен санаулы адам жұмыс жасайды. Құжаттармен бірге арнайы сейфте сақталады.
Қара тізімге ілінген жандар қарызын өтеген бойда коммуналдық мекемеге өтініш бере алады. Содан кейін ғана несие бюросынан өшіріледі. Монополист мекеменің пайымынша, қордаланған қарызды қайтарудың бұл әдісі әлдеқайда тиімдірек. Себебі екінші деңгейлі банктердің қара тізіміне ілінген жандар несиенің кез келген түрінен қағылуы мүмкін.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков