Туристер Бұқтырма бойындағы кейбір жағажайларға кіре алмай жүр
Себебі сол маңдағы демалыс нысандарының иелері жағаны биік дуалмен қоршап алған.
Бұқтырма су қоймасы басы бүтін мемлекеттің қарамағында. Тек кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға жағажайлардың маңына демалыс нысандарын немесе саяжай салуға шектеулі көлемде жер беріледі. Алайда кейбір кәсіпкерлер жалпыға ортақ жағажайды түгел қоршап тастаған. Енді жағажайға баратын туристерден дуалдан өтерде ақы алады.
Қоршаудан өте алмағандар тауды асып айналма жолмен жағаға жетеді. Демалысқа келген бір адам тәулігіне аз дегенде 8-10 мың теңге төлейді. Олар жалпыға ортақ жағажайдың да ақылы болғанына наразы.
Алена Ковылина, демалушы:
- Жағажайға жету мүмкін емес. Жан-жағы толық қоршаулы. Баламен арба сүйреп, тау асып бару қиын. Бір рет қоршаудан өту үшін үлкен адамдарға 1000 тг, ал балалар үшін 500 тг алады.
Қоршаудан Алтай аудандық әкімдігінің қызметкерлері де өте алмай жүр. Жағажай, шомылатын орын жалпыға ортақ екені де анық жазылған. Бірақ ол заңды жеке демалыс нысандарының иелері елеп отырған жоқ.
Анет Ахметжанов, заңгер:
- Су ресурстары туралы екі заң бар. Сол жерде жалпыға ортақ су көздері мен жағаны қоршауға болмайтындығы туралы жазылған. Сондықтан кәсіпкерлердің қоғамдық жағажайларды қоршауы да заңсыз.
Заңсыз қоршау тұрғызғандарға Алтай ауданының әкімдігі бұған дейін оны алу жөнінде бірнеше рет хабарлама берген. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Енді атқарушы билік жағаны заңсыз қоршағандардың әрекетін сотқа беріп, әкімшілік жауапкершілікке тартпақ. Ал дуал сот шешімімен бұзылатын болады.
Вячеслав Князев, Алтай аудандық туризм бөлімінің басшысы:
- Соңғы 3 жылда жағадағы жер учаскелеріне түгендеу жүргіздік. Жерді игермегендерден қайта алып жатырмыз. Әуеден фотосуретін түсіріп, әр аумақтың электрондық құжатын жасап қойдық.
Қазірде Бұқтырманың жағасында үлкенді-кішілі 549 демалыс нысаны бар. Атқарушы билік арнайы қаржы бөліп, осы нысандардың әрқайсысын интернет-порталға енгізбек. Нәтижесінде қанша туристің келгеніне көз жеткізуге болады. Бұл табысын жасыратын кәсіпкерлерге де тосқауыл болады. Ал интернет-порталға жұмсалған қаржы демалыс нысандарының төлеген салығы арқылы қайтарылады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов