Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы ауылдарға ауызсу қашан жетеді?

Еліміздің шығысында 7 мыңнан аса адам тұратын 11 ауыл әлі орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосыла алмай отыр. Бір елді мекенде құбыр мүлдем жоқ болса, енді бірінде әбден тозған. Сала мамандары: «Мәселе жақын арада шешіледі»,- дейді. Өйткені өңірді тіршілік нәрімен қамтуға байланысты 31 жоба іске асырылып жатыр.

Рассыпное ауылына ауызсу жүйесі осыдан 54 жыл бұрын тартылған. Тұрғындардың айтуынша, содан бері желінің бірде-бір бөлігі ауыстырылмапты. Салдарынан құбыр күн сайын жарылып, ауыл халқын әбден шаршатқан еді. Соңғы екі жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көзіміз шайдай ашылды, - дейді  жергілікті жұрт.

Дегенмен ауылдың бір бөлігі әлі де ауызсуға зар. Өйткені қалған 4 көшенің құбыры тек келесі жылы ауыстырылады. Любовь Бесенина дәл осы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген Школьная көшесінде тұрады. Қайта-қайта жарылған желі әбден мезі етті, - дейді ол.

Любовь Бесенина, ауыл тұрғыны:

- Біз жақтағы құбырдың аты бар, заты жоқ. Әбден шіріп кеткен. Бір шетін жөндесе, екінші шеті жарылады. Сондықтан желінің ауыстырылуын асыға күтіп жүрміз.

Шемонаихада биыл Рассыпное ауылынан өзге тағы бес ауылда ауызсу жүйесі жаңартылды. Енді орталық су желісіне мұқтаж 2 ауыл қалды.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Большая речка ауылы және Березовка ауылы. Ол екі ауылға жұмыстарды бастауға қаражат бөлінді. Келесі жылға құрылыс жұмыстары толық аяқталып, аудан 100% ауызсумен қамтылатын болады.

Ал бүкіл облысты 100% ауызсумен қамту үшін өлкеде 31 жоба іске асырылып жатыр. Сала мамандарының мәліметінше, соның 14-і  жыл соңына дейін аяқталады.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин