Ақтаудың ерікті жастары мұқтаж жандарға көмектесетін жобаны қолға алды
Ерікті жастар Ақтау қаласы мен облыс орталығына жақын маңдағы елді мекендерде тұратын көмекке зәру жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдем беруде. Үйін тазалап, теңіз жағалауына серуендетеді. Тіпті шаштарын қиып, косметологиялық көмек те көрсетеді. Ақысыз қызмет атқарып жүрген қайырымды жандардың қатарында Оксфордта оқып жүрген студенттер де бар.
72 жастағы Людмила Крамаровская жалғыз өзі тұрады. Әжейдің екі жыл бұрын жолдасы мен ұлы қайтыс болған. Қыздары шетелде тұрмыста. Зейнеткердің ауланы қоқыстан, бақшаны арамшөптен тазартып, жасыл желектерді суғаруға қауқары жетпей жүр еді. Қарияға көмекке ерікті жастар келді. Бірі үйді жинастырып жатса, екіншісі әжейдің дәрі-дәрмектерін ретке келтіріп, ал қалғаны ауланы сыпырып, тазартып берді. Қазір сантехник келіп, асүйдегі су жүйесін жөндеуге кірісетін болады.
Людмила Крамаровская, зейнеткер:
- Мен әлемде ізгі ниетті жандардың көп екенін үнемі айтып жүруші едім. Маған да бір күні қайырымды жандардың көмегі келіп жететініне сенімім мол болатын. Енді міне күннің аптап ыстығына қарамастан жастар менің ауламды жиыстырып жатыр. Жастарға тағы бір өтінішім бар. Мүмкіндік болса, үйімнің шатырын жөндеуге көмек беруін сұраймын.
Бұл жобаның мақсаты – тек қана мұқтаж жандарға көмек беру ғана емес, сонымен қатар жас өрендерді жанашырлыққа, ізгілікке баулу миссиясына жету. Қайырымдылық акциясы маусымның 1-інен басталды. Бүгінгі таңда еріктілердің қатары көбейе түсуде. Олар арнайы кестеге сәйкес мұқтаж жандарға көмек беріп жатыр. Әзірге тізімде 20 адам бар.
Мирас Төрешов, ерікті:
- Жоба аясында біз мүгедек жандардың үйіне барып, шаштараз жұмысымен айналысамыз. Сонымен бірге Ақтау қаласында мүгедек жандарға арналған теңіз жағажайы ашылды. Жағажайда біз мүмкіндігі шектеулі жандарды арнайы арбаға отырғызып, суда шомылдырамыз, құмда ойнатамыз. Онда барлық жағдай жасалған.
Ерсұлтан Қасымов, ерікті:
- Мен Оксфордтан жазғы демалысқа келген едім. Жақында осы жоба жайлы естіп, өзім құралпы жастардың қатарына қосылдым. Көмекке зәру жандарға жәрдем бергім келеді. Әзірге бос уақытым көп, сондықтан оны пайдалы қылып өткізуге бел будым.
Еріктілерге мұқтаж жандардың тізімін аудандық әлеуметтік қамту бөлімдері береді. Тізім бойынша көмекке зәру жандарға хабарласып, кімге қандай көмек керек екенін анықтайды. Барлық қызмет мен көмек тегін көрсетіледі. Жоба қарашаға дейін жалғасады. Еріктілер 300-ге жуық мұқтаж жанға жәрдем беруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев