Өскемендегі әскери қалашықтың 180 тұрғыны тіркеуден автоматты түрде шығып қалған
Бүгінге дейін 180 адамның тұрғылықты жері бойынша тізімнен шығарылғаны анықталды. Басты себеп – бұрынғы әскерилер тұрған пәтерлерді Қорғаныс министрлігі қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының қарамағына беру туралы шешім қабылдаған. Осы кезде пәтер иелері де тіркеуден біржола шығарылған. Тіркеуде жоқ тұрғындар: «Енді пәтерсіз қаламыз ба?», – деп алаңдап отыр.
Жергілікті тұрғындар «Жаңа Ахмер» деп атап кеткен қалашықта негізінен әскерилер тұрады. Жеке жылыту орталығы, мектеп пен балабақша және емханасы бар. 1990 жылдан бастап осы шағын қалашықтан әскерилерге қызметтік пәтерлер беріле бастады. Олар өздері қызмет ететін бөлім бойынша тұрақты тіркеуде тұрған. Алайда биылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскери қалашықтағы баспаналарды қаланың балансына өткізу туралы шешім қабылдаған. Осы тұста тұрғындарды да тіркеуден шығарған.
Ольга Голяшова, Жаңа Ахмер кентінің тұрғыны:
- 1996 жылдан бері тұрып келе жатқан өз пәтерімнен тіркеуден шығып қалғанымды ұялы телефонымның нөмірін қалпына келтіруге барғанда ғана білдім. Одан соң анық-қанығын білсек, бұрынғы әскерилердің бәрін тіркеуден шығарыпты.
Тіркеуден шығарылғандардың барлығы – бұрынғы әскерилер. Қызметтік пәтерде тұрып, зейнетке шыққан соң баспананы жекешелендіріп үлгермеген. Олар әскери бөлімінің еш ескертусіз тіркеуден шығарып тастағанына қынжылып отыр.
Ольга Шаповалова, Жаңа Ахмер кентінің тұрғыны:
- Тіркеуден шығып қалғанымды аяқ астынан білдім. Жалпыға ортақ хабарлама іліп қойыпты. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Шығару себебін түсіндіріп айтуға болады ғой.
Тіркеу мәселесін қалалық көші-қон полициясының мамандары түсіндірді. Барлық тұрғын айыппұлсыз қайта тіркеле алады. Тек сол пәтердің заңды иесінің рұқсаты ғана керек. Пәтер мемлекеттік меншік болса, қай органның қарамағында болса, сол мекемеден жазбаша келісім керек.
Гүлжан Уәлиева, қалалық көші-қон полициясының инспекторы:
- Тұрақты тіркеуге тұру үшін пәтер иесінің рұқсаты керек. Егер заңды тұлға болса, онда жазбаша келісімі керек. Сол құжат бойынша тұрақты тіркеуге тұрғыза аламыз.
Бүгінге дейін тіркеуден 185 адам шыққаны анықталды. Олардың бәрі – пәтерлерін жекешелендіріп үлгермеген зейнеткерлер. Қалалық тұрғын үй қатынасы бөлімінің мамандары да әрбір пәтер иесі құжатын өткізсе, мәселені реттеуге дайын.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов