Алматыда электр самокатын айдаушылардың қатары жыл санап өсіп келеді
Экологиялық жағынан таза көлік құралының көбейгені қуантады. Тек жол жүру ережесі сақталса болғаны.
Сейфуллин даңғылы мен Шевченко көшесінің қиылысында бірнеше күн бұрын электр самокатын тізгіндеген тағы бір жүргізуші апатқа түсті. Зардап шеккендер қазір ауруханада жатыр. Ал полиция қызметкерлері айыптыларды анықтауда. «Көктем келгелі осындай апаттар жиілеп кетті», – дейді дәрігерлер.
Айгүл Долдина, жедел медициналық жәрдем беру қызметінің аға дәрігері:
- Нақты статистика жоқ. Бірақ соңғы айда шамамен осы типтес 15-ке жуық апат болды. Самокатпен жүріп келе жатқан адамдар не тұрған машинаға, не кетіп бара жатқан жолдағы машиналармен соғылып жарақат алады. Жарақаттары көбіне жеңіл.
Кептелістен шаршаған қала тұрғындары екі дөңгелекті көлікті құп көреді. Тіпті отау құрған жас жұбайлар да самокатпен қыдыра бастады. Автомобиль жүргізушілері самокат иелеріне құрметпен және қорқынышпен қарайтындарын жасырмады. Өйткені олардың жүргізуші куәлігі жоқ.
Эдуард Эдоков, тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:
- Оларды мопедтермен теңестіріп қойды, яғни «А» санатына жатады. Менің пікірімше, оларға тіркеу нөмірлері, жүргізуші куәлігі берілуі керек. Олар дайындықтан өтіп, жол жүру ережелерін оқуы тиіс. Бірақ бұған қашан қол жететіні белгісіз.
Самокат тізгіндегендер веложолақпен жүруі тиіс. Ол болмаған жағдайда мопедтер секілді жолдың оң жақ шетімен қозғалады. Ал көлік жүргізушілері қашықтық сақтауды ұмытпағандары жөн. Бірақ электр самокатын көлік құрлы көрмейтін автомобиль жүргізушілері де аз емес.
Әнуар Жүсіпов, велоқауымдастықтың өкілі:
- Қарапайым мысал келтірейін. Біз жолдың оң жақ жиегімен жүреміз. Көше қиылысына келгенде оңға бұрылатын машинаның жүргізушісі айнаға қарап, бізді өткізіп жіберуі тиіс. Бірақ бізді көпшілігі елемейді. Қақтығыс осындайдан болады. Ал тәжірибелі велосипедшілер қиылыстан өтерде машинамен соғылмауы үшін ережені аздап бұзып, екінші қатарға түсіп алады.
Алдағы уақытта Алматыда электр самокатын пайдаланатындардың саны артатыны анық. «Мәселені шешудің бір амалы – жол жүру ережесін толықтыру», – дейді мамандар. Ең басты қағида: жолда абайлап әрі асықпай жүрген абзал.
Авторлары: Алуа Махамбет, Ұлан Нарынбек, Александра Салмина