Хабар телеарнасы

Хостелдегі өрт: екі адамға айып тағылды

Алматыда 13 адамның өмірін қиған хостелдегі өрт оқиғасы бойынша негізгі сот отырысы басталды. Қылмыстық істе 2 адам айыпталып отыр. Олар - ғимаратты жалға алған Әділбек Мұхамедияров пен өрт қауіпсіздік жүйесін жүргізген кәсіпкер Александр Пекельник. Бүгін мемлекеттік айыптаушы Нұразхан Мырзалы тергеу барысында анықталған деректерді жариялады.

Іс Алмалы аудандық сотында қаралып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы Нұразхан Мырзалы хостелдегі апат өрт қауіпсіздік жүйесіндегі кемшіліктер мен жауапсыздықтан болды деп санайды. Ғимарат «Куса Халық» серіктестігіне тиесілі болған.

2 жыл бұрын серіктестік кәсіпкер Александр Пекельникпен ғимаратқа өрт қауіпсіздік жүйесін жүргізу келісімін жасасқан. Прокурордың хабарлауынша, Пекельниктің жұмысында көптеген кемшіліктер анықталды. Ал дүкен орнына хостел ашқан Мұхамедияров нысандағы қауіпсіздік ережелерін ескермеген.

Нұразхан Мырзалы, мемлекеттік айыптаушы:

-Мұхамедияров дәлізге матрацтар мен жанғыш заттарды шығарып, өрт қауіпсіздік ережелерін бұзды. Бұл жағдай хостел жертөлесіндегі өрттің өршіп кетуіне әкелді. Ал Пекельник орнатқан дабыл техникасы қосылмады. Сол уақытта 15-ші және 16-шы нөмірде ұйықтап жатқан адамдар апаттың болғанынан хабарсыз қалып, сыртқа шыға алмады.

Бұған қоса ғимарат ішіндегі ауа алмастыру, желдету жүйесі талапқа сай емес. Апаттық шығу есігі мүлдем болмаған. Мұхамедияров пен Пекельник тағылған айыппен келіспейтіндерін айтты.

Александр Пекельник, айыпталушы: 

-Мен «Ала Хостелдің» жұмыс ұйымдастыруына, хостелдің ашылуына қатысқан жоқпын. Ол жерде хостел болатындығын да білмедім. Біреудің жасаған ісіне мен жауап бере алмаймын. «Куса Халық» серіктестігі мені жауапты деп тағайындамады. Ондай бұйрық шығарылған емес. Сондықтан мен айыппен келіспеймін.

Ал жәбірленушілердің пікірінше өрт қасақана жасалуы мүмкін. Сондай-ақ олар ғимараттың иесін де жауапқа тартуды сұрап отыр.

Бақытжан Әліпбаев, жәбірленуші:

-Нецелевое помещениеде балалар тұрып жатқанын басынан білген. Хостел істеп жатқан кезде аптасына 2 рет келіп, ғимараттарын тексеріп жүрген. Бұл жерде поджог болғаны анық болып тұр. Күдікті де бар. Куәгер де бар. 2-3 минут ішінде өрт болғанын көрген. Келесі отырыста бәрі сұраққа алынады деп жатыр енді. Көреміз не болатынын.

Еске салсақ, Алматы хостеліндегі өрт былтыр 30 қарашада болды. 13 адам қаза тапты. Осы оқиға бойынша «Қылмыстық кодекстің «Адам өліміне алып келген өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу» бабы бойынша іс қозғалды. Келесі сот отырысы 28 қазан күні өтеді.

Авторлары: А. Садуақас, С. Жұмабаев