Қазығұрт ауданында халық ауызсудан тарығып отыр
Қазығұрт ауданындағы Еңбекші, Қызылдала, Шанақ, Ақжар елді мекендері ауызсуға жарымай отыр. Шіліңгір шілденің ыстығында қаталаған халық суды мал суаратын құдықтан ішуге мәжбүр. Жергілікті халықтың сөзіне қарағанда, ауылдарға келетін құбыр суын жол бойы мал баққан шаруалар қорасына бұрып алған. Сондықтан су деңгейі азайып кетеді. «Малшылар оны текке рәсуа етіп жатыр», – дейді жергілікті тұрғындар.
Айзада Асқарова – Еңбекші елді мекенінің тұрғыны. Шөлді ауылда бұрыннан күн кешіп келеді.
Айзада Асқарова, Еңбекші ауылының тұрғыны:
- Суға жарымаймыз. Малды бұл жерден суармаймыз. Құдық бар, жаман арық бар, сол жерден ішкіземіз. Бұған жоламаймыз. Қасықтап жинап аламыз. Бөтелкеге дейін құйып аламыз. Кейде су апталап жоқ болып кетеді.
Еңбекшідегі таза ауызсудың мәселесі өткен жылы дәл осы шілдеде қылаң берген. Мұнда 200-ден аса отбасы бар. Халқы 1500-ден асып жығылады. Ауылға 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен таза ауызсу тартылған болатын. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созыла қоймады.
Мүсілім Есмамбетов, Еңбекші ауылының биі:
- Осы жағдайдың қайталанып отырғанына 10 шақты күннің көлемі болып отыр. Оның алдында 3 күнде бір су беріп тұратын. Енді суды сол кезекпен беріп жатыр. Мүмкіншілік болса, ауызсуды көп тұтынуға байланысты суды үзбесе жақсы болар еді.
Шіліңгір шілденің аптап ыстығында халық таза ауызсудың тапшылығын көріп отыр. «Жол бойындағы мыңғырған мал бағатын қоралар ауылға баратын үлкен құбырдан суды ұрлап ішіп отыр. Бірақ мұның заңдылығын тексеріп жатқан ешкім жоқ», – дейді жұртшылық.
Қазығұрт асуындағы бірнеше мал қора маңында Шанақ ауылына баратын құбырдың бүйірі тесіліп, су тікелей малшыларға бағытталыпты. Негізінен мұндай қораларға мемлекет есебінен артизан құдығы қазылып берілген. Алайда оны қосу жарыққа деген шығынды ұлғайтатын көрінеді. Ал оңай олжамен бұрып алған су – тегін. Дегенмен мұның зардабын халық тартып отыр.
Қызылдала елді мекені аудан орталығынан 55 шақырым шалғайда орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, мұнда да таза ауызсудың келмегеніне айға жуықтаған. Қазір халық тіршілік нәрін құдықтан алып ішуде. «Судың сапасы туралы сөз қозғау қиын», – дейді қызылдалалықтар.
Гүлнәр Шалбаева, Қызылдала ауылының тұрғыны:
- Малмен бірдей ішеміз. Ауылда қазір іш ауруы жүріп жатыр. Инфекциядан барлық баланың іші өтіп жатыр. Оларға қашанғы қайнатып беріп отырамыз. Ойнап жүріп ішіп қояды. Судың болмағанына 1-1,5 айдан асып кетті.
Аудандағы тұрғындар тұтынатын суға жауапты мемлекеттік мекеме «Таза су» қазір ауылдарға не себепті судың келмеуін анықтауға көшкен. «Суды тәулік бойы беру үшін ұңғыма қазылуы қажет. Сонда мәселе болмайды», – дейді мамандар.
Сейітқали Сапарәлиев, Қазығұрт аудандық «Таза су» КММ директоры:
- Біз қазір бұлақ көзінен шыққан суды бөліп бере аламыз. Шанақ, Қызылдала және Еңбекші ауылдарына саңылау қаздыруға ұсыныс берілді.
Ауызсу мәселесінен хабардар болған аудан әкімінің айтуынша, қысқа мерзімде су тапшылығының себеп-салдары толық анықталып, таза су қаталаған халыққа жетеді.
Төлеген Телғараев, Қазығұрт ауданының әкімі:
- Сол ауылдың тұрғындарымен жолықтық. Осы мәселені көтеріп, бір шешімге келдік. Бүгіннен бастап жұмысшы топ іске кірісті. Сол ауылға баратын су құбырына өздігінше қосылып кеткен абоненттер болатын болса, оларды бірінші кезекте өшіреміз. Ол жерде 8 қора бар екен. Қора иелерінің әрқайсысымен жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірінші кезекте біз тұрғындарға қажетті сапалы ауызсумен қамтамасыз ету керекпіз. Одан кейін ғана қораларға лимит бойынша беретін боламыз. Қысқа мерзімде аталған елді мекендерге ауызсу беруді бастаймыз.
Биыл Қазығұрт ауданының 8 елді мекеніне таза ауызсу беріледі. Сонымен қатар тағы 8 ауылдың ауызсу жүйелеріне қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес жеңімпаздар анықталып, жұмыстар жүргізілуде. «Ал аудан бойынша 64 елді мекеннің 17 елді мекенінде әлі де су тапшы», – дейді Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов