Хабар телеарнасы

СҚО-да 200 ауыл сусыз отыр

Бұл елді мекендердің тұрғындары әлі күнге дейін тіршілік нәрін құдықтан тасып ішеді. Кейбіреуі тіпті көлден алады. Немесе қыстыгүні қар ерітіп күн көреді. Өңірде ауызсу мәселесі қашан шешіледі?

Бұл Петропавлдан небәрі 50 шақырым жердегі Виноградовка ауылы. Елді мекен облыс орталығына жақын болса да, өркениет игілігінен жұрдай. Жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін суды құдықтан тасып ішеді.

Виктор Яцко, Виноградовка ауылының тұрғыны:

- «Су болады» деген уәдені жыл сайын естиміз. Екі жыл бұрын ауылға құбыр тартыла бастаған. Бірақ жұмыс аяқталмай қалды. Ал мына станция 2006-шы жылы салынған. Ол да әбден ескірді.

Құдық күніне 4-ақ сағат жұмыс істейді. Оның өзі ақылы. Судың бір флягі 40 теңге тұрады. «Ал оған үлгермегендер жақын маңдағы көлге барып амалдайды немесе қар ерітеді», - дейді тұрғындар. Халық жергілікті билік өкілдерінің уәдесіне әбден тойған. 

Андрей Арсентьев, Виноградовка ауылының тұрғыны:

- Тұрғындар суды ауылдың шетінденгі көлден тасып ішуге мәжбүр. Оның сапасына қарап жатқан ешкім жоқ. Ал құдық сағаттап қана жұмыс істейді. Су былтыр болады деген, сосын биыл деді. Әлі жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысында күні құдыққа қарап отырған 200 ауыл бар. Биыл халықты ауызсумен қамтуға 11 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. «Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіледі», - дейді жауапты мамандар.

Әлішер Жетекенов, Энергетика және ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Сонымен қатар сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 614 млн теңгеге 73 комплекс блогмодуль орнату жоспарланып жүргізіліп жатыр. Жұмыстармен 108 елді мекен және Мамлютка, Булаево, Петропавл қалалары қамтылды.

Бұл жобалар аясында 490 шақырым желі ауыстырылады. «Өңірде су мәселесі келер жылдың соңына қарай толық шешіледі» , - дейді мамандар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов