Баспана бағасы қалай өзгереді?
Келер жылы баспана бағасы тағы қымбаттайды. Сарапшылар: «Доллар бағамының өсуі мен құрылыс компанияларына қосылатын құн салығы бағаны орта есеппен 15% дейін көтереді»,– деп отыр. Ал мұндай жағдайда не істеу керек? Үйді қай мезгілде сатып алған жөн?
Мерует Батталованың отбасымен үй іздеп жүргеніне 1 жылдай уақыт болды. Бағаны саралап, қаражатын жинап жүрген ару кейінгіде үй бағасы көтерілгенін байқаған.
Мерует Батталова, қала тұрғыны:
- Байқағаным бойынша бір жылдың ішінде үй 3-4 миллионға қымбаттады. Біз өзіміз 2 бөлмелі үй іздедік. Бірақ біз іздеген бағаға тек қана бір бөлмелі пәтерлер табылады, евродушка дейді ғой немесе ескі үйлер ғана, қаланың шетіндегі үйлер ғана табылады. Сондықтан да мен айтар едім, иә қазір Астанада үйдің бағасы қымбат.
Бағаның өскенін риэлторлар да растап отыр. Олардың айтуынша, қымбатшылыққа қарамастан, сатып алушылар саны екі есе артқан.
Мадина Шүкеева, риэлтор:
-Доллардың өсуі бар, осы НДС қосылады деген жаңалық бар. Осының бәрі келіп, кішкене осы біздің нарықта аласапыран болып жатқаны рас. Желтоқсан айының өзінде біршама құрылыс компаниялары бағаны көтергені байқалады. 12% НДС қосылғаннан кейін барып, бұл бізде құрылыс компаниялары өз қалтасынан төлемейді, әрине. Сатып алушылардың қалтасынан кетеді. Сондықтан үйлерінің бағасын 12% қоса ма, ол 15-20% қосуы мүмкін.
Бұл өзгерістер негізінен бірінші нарықтағы үй бағасына ғана әсер етуі тиіс еді. Себебі құрылыс материалдарының жартысынан көбі шетелден әкелінеді.
Мадина Шүкеева, риэлтор:
- Ал бізде қалай? Бірінші нарықтағы үйлер көтерілсе, екінші нарықтағы үйлер олар да көтеріп жатады, иә?
Жалпы осы және өзге де факторлардың әсерінен жыл соңында 1 шаршы метрдің бағасы шамамен 7% қымбаттап, жылдық өсім 15% жетті. «Бірақ келер жылы баға бұдан да жоғары болады»,– дейді сарапшылар.
Лев Тетин, жылжымайтын мүлік сарапшысы:
-Барлық фактордың әсерінен үй бағасы тағы 15-20% көтерілуі мүмкін. Сондықтан үй аламын десеңіздер, қаңтар-ақпан айларын қарастыруды ұсынамын. Себебі қысқы мезгілде, сатып алушылар көп болмайды. Әрі бұл өзгерістердің бәрі әсер етіп үлгермейді.
Биыл елімізде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, рекорд жаңартылмақ. «Бірақ баспана бағасы шарықтай берсе, қайта жанданған нарық ұйқыға кетуі әбден мүмкін»,– дейді сарапшылар.
Авторлары: Дана Әлиева, Азамат Саметов, Ырыстанбек Оспанов, Абдулхамит Бөлекбаев