Балабақшаларда 500-ден астам камера орнатылған
СҚО-дағы балабақшаларда осы бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Қазір тек Петропавлда орналасқан мектепке дейінгі тәрбие беретін ошақтарда 500-ден астам камера жұмыс істеп тұр. Мұнымен қоса, бірнешеуінде электронды жүйе орнатылған.
Бұл балабақшаға бөгде адам кіре алмайды. Өйткені 320 бүлдіршінге арналған ошақта «қауіпсіздік модулі» орнатылған. Тек жеке сәйкестендіру нөмірімен базаға тіркелгендерді ғана «ақылды» жүйе ішке кіргізеді.
Нұргүл Шәймерденова, балабақша статисі:
- Баланы алып кетуге кейде ата-әжелері келеді. Чиптері жоқтары алдын ала тәрбиешілерге хабарласады. Ал егер нысанға бөтен біреу кіріп кетсе, біз пульттің көмегімен күзетшілерді шақыртамыз.
Елена Кремневаның баласы қазір осы «ақылды» балабақшаға барады. Азаматша қызының қауіпсіздігі үшін алаңдамайтындығын айтады.
Елена Кремнева, ата-ана:
- Таңертең әкеліп, кешке алып кетем. Ол мұнда жүргенде еш уайымдамаймын. Аулада серуендеп жүрсе де сыртқа өздігімен шыға алмайды. Өйткені айнала толығымен қоршалған.
«Қауіпсіздік модулін» еліміз бойынша Петропавлдағы балабақшалар алғашқылардың бірі болып енгізді. Болашақта бұл жүйе кезең-кезеңмен өзге де білім беру нысандарына орнатылмақ. Сондай-ақ шаһардағы 56 мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеменің барлығы бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов