Алматы облысында шаруалар егінсудан тарығып отыр
Жерден нәсібін тауып жүрген диқандар: «Биыл шығынға батататын түріміз бар», – деп алаңдайды. Ал сумен қамтамасыз ететін мекеме басшылығы: «Каналдар ескірген», – дейді.
Дегбірі қашқан диқандар біздің түсіру тобымызды су бөлетін тораптан күтіп алды. Жиналысқа Қазтай Ұлтарақов, Хусайын Бижанов, Байсейіт, Сөгеті және Нұрлы ауылының тұрғындары келді. Мысалы Дидар Ханжазов 16 гектар жүгерінің 5 гектары күйіп кеткенін айтты.
Дидар Ханжазов, Қазтай Ұлтарақов ауылының тұрғыны:
- Биыл ғана емес, жыл сайын осындай болады. Науқан кезінде елдің бәрі қиналады. Неге соның бәрін уақытылы ерте көктемде, күзде тазаламайды? Ақшаны не үшін алып отыр?
Дидардың бұлар деп отырғаны – Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы. Әр диқан осы мекемемен келісімшартқа отырған. «Суға ешқандай қарызымыз жоқ», – дейді. 250 гектар жерге соя еккен Қуандық Сәрсенбі де жағдайының мәз емес екенін айтады.
Қуандық Сәрсенбі, Қазтай Ұлтарақов ауылының тұрғыны:
- Шілденің соңы болайын деді, әлі бір рет су ішкен жоқ. Жарты соямызды алып қалдық, ал жартысы күйіп кетті. Мұның шығынын кім өтейді?
Су тапшылығынан алма, өрік секілді жеміс ағаштары да қурап жатыр.
Ұлан Нарынбек, тілші:
- Мынау – қараөрік бағы. Бақ иесінің айтуынша, жылына әдетте 20-30 тонна өнім алады екен. Ал биыл су тапшылығының кесірінен ондай өнім алуға ешқандай шама жоқ. Тіпті қараөрік мезгіліне жетпей солып, бүрісіп мынандай болып жерге түсіп қалған.
Фермерлердің айтуынша, шілденің басында бірнеше күн мүлдем су болмай қалған. Оның себебін жауапты компания: «Арна жиегі опырылды және полицейлер каналдан бірнеше күн адам мәйітін іздеді», – деп түсіндірді. «Ал тіршілік нәрінің егістікке толық мөлшерде жетпеуі – суару жүйесінің ескіруінен», – дейді жауапты мекеме өкілдері.
Орынтай Байтұрсынов, Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалының директоры:
- Кеңес үкіметі ыдырағалы бері механикалық тазалау жұмыстары жүргізілмеген. Ал қазір 6 экскаватормен осылардың бәрін тазалап, орнына қойып жатырмыз. Су жеткілікті болады.
Шаруалар бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, шығын көлемін анықтауды талап етіп отыр.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов, Сержан Жұмабаев