«Астана LRT» құрылысына кетенін қаржы 1,2 млрд АҚШ долларына үнемделеді
Президент пәрмен берісімен жауаптылар жылдамдатып жобаны қайта қарады. 19 жылжымалы пойыз құрамы 12-ге дейін азайды. 18 аялдаманың 7-еуі алынып тасталды. Себебі жолаушылар саны бірнеше есе аз болуы мүмкін. Ең бастысы қаржыландыруда өзгерістер бар.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Қытайдың даму банкінен қарыз алу қарастырылған болатын. Жобаның құны 1,8 млрд АҚШ доллары болса, ал 20 жылдан кейін қайтарылуымен 2,6 млрд АҚШ долларын құрауға тиіс болатын. Сондықтан Үкімет бұл жобадан бас тартты. Ішкі қарызға көшетін болдық. Нәтижесінде 800 млн АҚШ доллары үнемделеді.
Елдегі екінші деңгейлі банктер және қаржы институттарымен облигацияларды орналастыру шарттары қарастырылған. «Қала басшысы зейнетақы қорынан қаржы алынады» деген қауесетті де жоққа шығарды. Одан бөлек Қытай тарапынан келісімшарт құнына салықты қосу туралы келіссөздер басталған. Оңтайландыру мұнымен шектелмейді. Жол бойындағы жерасты өткелдерінің саны азаяды. Нәтижесінде 40 млрд теңге үнемделеді. Пойыз кестесінде де өзгеріс бар, яғни әр 3 минут сайын емес, 10 минут сайын жүреді. Мұның өзі 15 млрд теңгені үнемдейді.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Сонымен қатар халықаралық тәжірибені ескере отырып Лондондағы Хитроу әуежайы, Хитроу-экспресс, Мәскеудегі Шереметьево Аэроэкспресс секілді, Абу-Даби Плаза ғимаратында жолаушыларға әуе рейстеріне тіркелу қарастырылып, аэровокзал қағидасымен одан әрі әуежайға бару қарастырылады.
Сонымен бастапқы есептеулерден бюджет қаржысын үнемдеу 1,2 млрд долларды құрады. 800 млн доллар қарызға қызмет көрсету және 350 млн доллар құрылыс-монтаж жұмыстары есебінен қысқармақ. Жобаның іске асуы айтылған брифингте «Астана LRT» ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.
Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:
- Күдіктіні ұстау туралы сот сырттай шешім шығарды. Халықаралық іздеу жарияланды. Бұл іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, өзге ақпараттарды жариялай алмаймыз. Бұл мәселе 2008 жылдан бері айтылып келеді.
LRT-ның қазіргі басшылары қоғамдық көлік шығындарының субсидияланатынын айтады. Ол үшін бірнеше жолын қарастырып жатыр екен.
Жобаға жауаптылар бастапқыда: «Жолаушылар саны 10 мыңнан асады», – деп болжам жасап отыр. Жалпы жоба өзін-өзі ақтайтынына да үмітті. Сонымен бірге аялдамаларда, жерасты өткелдерінде халыққа түрлі қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарда бар.
Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Марат Диханбаев