Елімізде түрлі қайырымдылық қорларының атынан қаржы жинайтындар көбейді
Мәселен, ел арасында Аружан Саинның «Мейірімділік» еріктілер қоғамы» қорының атынан ақша жинап жүрген алаяқтар бар екені белгілі болды.
Александр Хван есімді мына азамат онкологиялық дертке ұшыраған балалар үшін деп қаладағы кеңселерді аралап ақша жинаған. Ол өзін Аружан Саин қорының еріктісімін деп таныстырып келген. Ал шындығында қор Аружан Саинның аты-жөнімен аталмайтынын ол білмейтін болуы керек.
Аружан Саин, «Мейірімділік» еріктілер қоғамының» жетекшісі:
- Осындай алаяқтардан абай болу үшін біз 2006 жылдан бері қайырымдылық ақшаны қолма-қол жинамаймыз. Әрбір балаға банктен арнайы шот ашып, көпшіліктен түсетін қаржыны сонда сақтаймыз және әрбір 10 күн сайын жиналған қордың шығыны туралы сайт арқылы есеп беріп келеміз.
Халық көп жиналатын алаңдар мен орталықтардың алдында да қайырымдылық қорабын ұстаған еріктілерді жиі кездестіруге болады.
Оралдық әріптестеріміз дәл осылай құжатсыз, тек баланың диагнозы мен суретін көрсетіп, журналистік зерттеу жүргізіп көрген. Zko.kz сайтының журналисі «Үміт оты» атты қордың сеніміне кіріп, оларға ерікті болып жұмысқа тұрады. Нәтижесінде халықтан жиналған ақша баланың еміне емес алаяқтардың қалтасына кетіп жатқаны анықталған.
Азамат, журналист:
- Ол жерде еріктілерге халықтан қалай көмек сұрау керек, қандай сөздер айту керектігіне дейін үйретеді. Сөйтіп қолыма қайырымдылық қорға арналған қорапты ұстатып жіберді. Мен 3 сағатта 9 мың теңгедей ақша таптым. Жиналған қорды кеңсеге әкеліп беріп едім, маған сол соманың 20% айлық ретінде төледі.
Демек, «Үміт оты» қоры ешкімге үміт сыйлап отырған жоқ. Тек осылай алаяқтық жолмен жинаған ақшаны өз пайдасына жұмсап келген. Ал алаяқ еріктілерге әзірге ешқандай жаза қолданылмаған.
Аружан Саин, «Мейірімділік» еріктілер қоғамының» жетекшісі:
- Біз және балалардың ата-аналары полиция қызметіне хабарласып көрдік. Бірақ қорапта жиналған қаржы қомақты болмаса, бұл қылмыстық іске жатпайды екен. Ал оның кеше және оған дейін қанша жинағаны белгісіз ғой. Сондықтан менің ойымша, құқық қорғау органдары мұндай іс-әрекеттерді қайта қарау керек сияқты.
Ескерте кетейік, егер де сіз шын мәнінде науқас баланың еміне қол ұшын беріп, көмек көрсеткіңіз келсе, міндетті түрде сенімхат пен тиісті құжаттарды талап етіңіз. Ең дұрысы, заңды тіркелген арнайы мекемелерге барып көмек көрсетіңіз. Себебі шынымен де сіз бен біздің көмегімізге мұқтаж жандар аз емес!
Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев