Хабар телеарнасы

Asar Ume қоры баспаналы болған отбасылардың кәсіппен айналысуына гранттар бөледі

Еліміздегі Asar Ume мәдени-ағартушылық қоры бес жылда 1100-ге жуық аз қамтылған отбасыға баспана әперіп, қамқорлығындағы алты мыңға жуық баланың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауына ықпал еткен. Бұдан бөлек, қор баспаналы болған отбасылардың кәсіппен айналысуына гранттар бөледі. 

Алматы облысы, Бұрған ауылының тұрғыны Сандуғаш Жүндібаеваның сегіз баласы бар. Жылдар бойы ауыр жұмыстан отағасының денсаулығы сыр беріп, еңбекке жарамсыз болып қалған. Баспана сатып алуға қаржы да қолбайлау. Көпбалалы отбасы қайырымдылық қоры туралы әлеуметтік желіден естіп, құжаттарын өткізеді. «Үш жылға жуық уақыт күтіп, қордың көмегімен үйлі болдық»,– дейді Сандуғаш.

Сандуғаш Жүндібаева, балабақша тәрбиешісі /Жамбыл ауданы, Бұрған ауылы/:

-Шынын айтқанда, осы жобада сіздерді кездестіріп қалғаныма өте қуанып тұрмын, алғысымды айта алмай жүргенмін. «Сандуғаш біз саған үй әперген жоқпыз, ол халықтың ақшасы, халық, біз әншейін ортадағы адамдармыз» дейді. Сонда халықтың жүрегіне жеткізіп, осындай мұқтаж адамдар бар екеніне өмірде халықтың кішкене берген тиынын теңіздей қылып, қаражаттарды құрап, бізге сондай зәулім сарай үйге кіргізіп, әркімнің қолынан келе бермейді деп ойлаймын.

Asar Ume қоры 2019 жылы құрылған. Алғашында, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар беру арқылы көмек көрсетеді. Бірақ бұл қадам осы отбасылардың мәселесін түбегейлі шешпейтінін түсініп, қор өкілдері қол ұшын берудің жүйелі жобасын әзірлейді. Баспана әперіп, отбасы мүшелері тұрақтылыққа қол жеткізген соң, олардың әрі қарай дамуына, тұрмысын түзеуіне ықпал етеді.

Асхат Нұрмашев, Asar Ume қорының президенті:

-Біз баспана сыйлаған соң 4-6 айдан кейін бұл отбасы қай жағынан мықтырақ екенін тексереміз. Бір ана тігіншілікпен айналысады, біреу тамақ пісіреді, саудамен айналысады. Соны тексеріп, әр отбасыға сол жағынан көмектесеміз. Сондай бізде 100 жақсы отбасы бар, 100 шақты аналар қазір өз кәсібімен айналысып отыр.

Бұдан бөлек қор аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған «Кең жүрек мың бала» жобасын жүзеге асырып отыр. Балалардың тіл үйренуіне, кәсіптік бағдарды тәжірибе жүзінде меңгеруіне күш салуда. Асхат Нұрмашев қордың әр қызметкері атқарған жұмысына сай жалақы алады дейді.

Асхат Нұрмашев, Asar Ume қорының президенті:

- Біздің видеоператор 670 мың теңге тауып отыр. Біріншіден, әлеуметтік аударымдар алған кезде қолына 500-550 мың теңге алады. Ол Алматыда видеографтарда сондай бағалар. Бірақ Алматыдағы көп видеограф, мобилографтар біздің операторлар секілді су тасқынымен күрескенде тракторда ұйықтамайды. Балшықта қап тасымайды. Екібастұзда аязда жүріп, бір апталап жатпайды. Атырау облысына келіп, бір тәулікте Құлсары, Доссор, Миялыны аралап шықпайды. Сол үшін біздің видеограф видео да жасайды, монтажды да жасайды.

«Қордың атқарған жұмыстарының есептік нәтижелері барлық қазақстандықтарға қолжетімді. Онымен кез келген адам таныса алады»,– дейді қор өкілдері.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов