Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласындағы ахуал талқыланды
Бұл жайында Үкімет отырысында сала министрі Сапархан Омаров айтты. Дегенмен мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі әлі де төмен, 35% аспайды. Ал бұл көрсеткіш көрші Ресейде 40%, Беларусьте 50% болса, дамыған Еуропалық одақ елдерінде 80% асып жығылады.
«Елімізде 2 млн 600 мың жылқы, 7 млн 200 мың бас сиыр, 18 млн 700 мың тұяқ қой бар», – дейді дерек. Демек, адам басына бір қойдан келеді. Мысалы, Аустралияда әр тұрғынға 6-7 қойдан, Жаңа Зеландияда 16-17 қойдан келеді. «Ондай көрсеткішке жетуге мүмкіндік бар», – дейді министр.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Өткен жылдан бастап жеңілдікті шарттармен етті мал шаруашылығында отбасылық фермерлік шаруашылықтарды құруға кредит берудің арнайы бағдарламалары іске қосылды. 2019 жылы 683 отбасылық ферма 66,7 мың басқа несие алып, 42 мың аналық бас ірі қара мал әкелді. Мал басын сатып алудың ең жоғары көрсеткіштері Ақтөбе және Алматы облыстарында, ең төмен көрсеткіштері Қостанай облысында.
5 жыл ішінде құс етін өндіру көлемі 40% артып, 192 мың тоннаға жетті. Дегенмен ішкі тұтынуда импорттың үлесі – 50%. Ақмола облысындағы Макинск құс фабрикасы 25 мың тонна құс етін өндіреді. Былтыр қараша айында фабриканың бірінші кезегі аяқталды, 2020 жылдың соңында екінші кезегі іске қосылады. Фабриканың вице-президенті Рабиға Тоқсейітова: «Ішкі нарықты құс етімен толық қамтуға қауқарымыз жетеді», – дейді. Алайда тек несие арзандаса екен деген тілегі бар.
Рабиға Тоқсейітова, «Aitas» АҚ вице-президенті:
- Бүгінде бизнеске қолдау көрсететін бірқатар бюджеттік бағдарламалар бар. Бірақ мұны кәсіпкерлердің бәрі бірдей пайдалана бермейді. Компаниямыз инвестициялық субсидиялаудың жаңа ережелерінің қабылдануын күтеді. Осы ережелер аясында инвестициялық субсидияларды алып, қаржыны екінші кезектегі құрылысқа саламыз. Бағдарламада ұзақ мерзімге алуға болатын мөлшерлемесі 2-3% арзан кредиттер қарастырылуы тиіс.
Мал бар, бірақ өнім аз. Премьер-Министрдің өзі мал шаруашылығында өңделген өнімнің көлемі 35% аспайтынын айтты. Ет бар, бірақ шұжық, импорт, сүт өндіру көлемі 5,7 млн тонна төңірегінде.
Дегенмен жыл сайын 500 мың тоннаға жуық сүт өнімі сырттан тасымалданады. Ал біз әспеттеп айтып келген 60 мың тонна ет экспорты тіпті жеткізбейтін де секілді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Елбасының ауыл шаруашылығында өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге ұлғайту немесе 2022 жылға қарай 44 мың тонна сиыр етін және оны қайта өңдеу өнімдерін өсіру туралы тапсырмасын орындау барысында Қытаймен ірі қара мал етін жеткізу туралы келісілді. Бірақ осы күнге дейін экспортқа шықпай тұр. Сиыр етінің экспорты бойынша Түркістан және Ақтөбе облыстары белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ең төменгі көрсеткіш ШҚО-да. Қытай нарығының ауқымын, сондай-ақ Қазақстан үшін экспорт жағынан басым елдерді ескеріп, бұл бағыттағы жұмысты сапалы түрде ұйымдастыру керек.
Асқар Маминнің ойынша, Қазақстанның мал шаруашылығына салынатын инвестиция көлемі жыл сайын 30% кем болмауы қажет. Үкімет отырысына арнайы келген инвесторлардың бірі Арман Джавидан Қазақстандағы инвестициялық субсидияны үлкен көмек санап отыр.
Арман Джавидан, «Empire Food» ЖШС директоры:
- Инвесторлар үшін Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы өте тартымды. Негізгі себебі – берілетін инвестициялық субсидияда. Ауыл шаруашылығы саласындағы жобалардың өзін-өзі ақтау мерзімі өте ұзақ. Сондықтан бұл олардың шығынын өтеуге үлкен көмек болады.
Мал шаруашылығынан тұрғын үй құрылысына. Отырыста қаралған екінші мәселе – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Премьер-Министр биыл 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданатынын айтты. Оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 млн-нан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Бекболат Базаров