Елімізде 1400 ауылда интернет жоқ
Бірінші маусымнан бері еліміз бойынша 27 адам суға батып кеткен. Ал рұқсат етілмеген жерде шомылғаны үшін 3 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Сондай-ақ жиында сапалы интернетке қол жеткізу мәселесі қаралды. Тек биылдың өзінде сала жұмысына қатысты 11 мың шағым түскен.
Ғаламтор. Елімізде 2020 жылмен салыстырғанда оны пайдаланатын абоненттер саны 12%-ке артыпты. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша Қазақстан орташа интернет жылдамдығымен әлемде 66-орында. Бұл деректерді Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев өз баяндамасында мәлімдеді. Мұның артынша аймақтардағы ахуалды білу үшін әкімдердің есебін тыңдау үшін онлайн байланыс орнатылды.
Кідіріп, кешігіп болса да байланыс қалпына келтірілді. Жиында ауылдарды интернетпен қамту мәселесі де сөз болды. Қазақстанда 2 600 елді мекен сымды интернетке қосылған. 4800 ауылда мобильді интернет бар. Қалған 1400 ауылдың халқы ғаламтор игілігіне қол жеткізе алмай отыр.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Ұялы байланыс операторларын ынталандыру үшін министрлік жаңа Салық кодексіне радиожиілік спектріне салықтық жеңілдіктерді ұзартуды және төлем мөлшерлемесін өзгертуді ұсынды. Осылайша байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Мерзіміне келсек, бұл істер 2027 жылға дейін толық аяқталуы тиіс. Жалпы сол кезде елді мекендерге қоса республикалық және негізгі облыстық жолдарда да сапалы интернет болуы шарт.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Біз сапалы интернеттің барлық жерде кеңінен таралғаны туралы әзірге ауыз толтырып айта аламаймыз. Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді. Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсіп, биылғы жылғы 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтады. Министрдің монополияға қарсы органмен бірлесіп, операторлардың өз міндеттемелерін толық орындауын және бағалық сөз байласы мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет.
Сарапшылар да салада әділ бәсеке бар дегенге күмәнмен қарайды. Себебі операторлардың барлығында бағалар шамамен бірдей.
Үкімет отырысында қаралған келесі сұрақ – су айдындарындағы қауіпсіздік. Шомылу маусымының басталғаны енді ғана. Десе де еліміз бойынша осы айдың өзінде 27 адам суға батып кеткен. Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың 95%-і шомылуға тыйым салынған орындарда тіркелген. Ол жерлерде биыл да тұрақты түрде рейд өткізілуде. Құқық бұзғаны үшін 3 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Әкімдіктермен бірлесіп, суға шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды жылдан жылға ұлғайтудамыз. Олардың саны 708-ге жетті және барлығы «2GIS» платформасында орналасқан. Маусым айының аяғына дейін тағы 33 жағажай қосымша ашылатын болады.
Дегенмен бұл да жекіліксіз болуы мүмкін. Қазір шомылу орындарының санын арттыру мәселесі пысықталуда. Мамандардың айтуынша, ірі су айдындарынан бөлек арықтар мен суару каналдары да жаз кезінде қауіпті орынға айналады. Ол жерлерде балалардың қайтыс болуы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жиі тіркеледі.
Статистикаға сәйкес жыл сайын республиканың су айдындарында 300-ге жуық адам суға кетеді. Олардың 100-ге жуығы балалар.
Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов