Мемлекеттік органдар жаппай отандық көлікке отырады
Жоспар саланың негізгі проблемаларын шешуі тиіс. Ол – отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, бөлшектерді өз елімізде шығару және маман дайындау. Салаға серпін беру үшін жауапты мемлекеттік қызметкерлер тек отандық көлікпен жүруге дайын. Шенділер қандай көлік мінеді, мұхит асып Армениядан келген автокөліктердің ендігі тағдыры не болады?
Қазақстанның машина жасау саласы көпшіліктің кертартпа пікірлеріне қарамастан, жыл сайын өсім көрсетіп, экономикаға серпін беріп отырған сала болып табылады. Сандық көрсеткіштер «Қазақстанда жасалған» деген айдары бар автомобильдердің нарықта өз орнын тапқанын дәлелдеді. 2018-де өндіріс 1 трлн теңгеден асса, биылғы жарты жылда тағы 13% өсім бар.
Мейрам Пішембаев, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» бірлестігінің басқарма төрағасы:
- 2002 жылы Қазақстанның машина жасау өндірісінің көлемі 46 млрд теңгені құрады. Ал енді 2018 жылдың қорытындысымен 1 трлн 100 млрд теңгеге өнім өндірілді. Осылайша өндіріс 18 жылдың ішінде 24 есеге ұлғайды.
24 есе де ештеңе емес. Себеп, импортымыз әлі де 13 млрд доллар төңірегінде. Ал отандық өндіріс небәрі 3 млрд-тан сәл асады. Сандарды арттыру үшін Үкімет бірнеше батыл қадам жасады. Бірінші кезекте өздерінен бастап шетелдік көлік алудан алдағы 2 жылда бас тартады.
Аманияз Ержанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- Мемлекеттік сатып алу жұмыстарында тек біздің отандық өнімді сатып алу керек болады.
Үкімет машина жасауды дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасын қабылдады. «Онда отандық өнімнің сапасын арттыру, маман дайындау, көлікті тек құрастырмай, бөлшек-сайманын өзімізде шығару сияқты істерді ілгерілететін 57 іс-шара бар», – дейді жауаптылар.
Машина жасауға ақша салған кәсіпкер өндірісін модернизациялап, экспортқа жұмыс істесе салықтық жеңілдіктерді ұсынуға да мемлекет дайын. Осындай тиімді шарттарды пайдаланып, жақын арада жаңа 10 жоба іске асуы тиіс.
Аманияз Ержанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- Кировец тракторларын Қостанайда шығаратын боламыз және СҚО әкімдігінің бастамасымен Германияның «Класс» компаниясымен комбайн шығару келісімі дайындалуда. Жұмысын осы қыркүйекте бастаймыз деп сенеміз.
Отырыста саланың объективті проблемаларымен қатар, қолдан жасалып отырған кедергілерге қатысты мамандар пікір білдірді. Арменияға мұхит асып, Америкадан келіп, кедендік рәсімдеусіз Қазақстанда жүретін көліктердің күні жақын.
Аманияз Ержанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- ІІМ-мен бірге біз шара қолданып жатырмыз. Ол біздің азаматтарға қарсы болмауы тиіс. Мұның бәрі біздің өндірісті қолдауға жасалып жатқан шаралар екені мәлім.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Армениядан келген көлікті заңға сәйкес рәсімдесең, ешкім қой демейді. Оған кедендік одақтың бекітілген ортақ баж салығы бар. Ал ресейлік көліктердің жөні бөлек. Одақ ішінде құрастырылған автомобильдердің 5 елде еркін жүруіне еш кедергі жоқ. Тек қулық жасап, үшінші мемлекеттің ескісін елге тасымасаң болды.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Бекболат Базаров