Елімізде жүргізуші мәдениеті неге төмендеп кетті?
Жүргізушілер жолға таласқан. Жалпы соңғы кездері Қазақстанның күрежолдарынан күн сайын түрлі хабар жетіп жатыр. Полиция жолдағы қауіпсіздікті қатайтқан сайын қазақстандық жүргізушілердің мәдениеті төмендеп барады. Себебі неде?
Қазақтың сайын даласына сыймай, осылай темір тұлпарларын тірестіре жүретіндер бар немесе тасжолда мыналар секілді теріс жүретіндер бар. Жалпақ жолды бөле алмай жаға жыртысатындар да, жұдырық ала жүгіретіндер де көбейді.
Қазақтың қара жолы қан майданға айналып барады. Түркістаннан жантүршігерлік хабар жетті. Тасжолға таласқандар тапаншамен атысып барып тыныпты. Оқиға Леңгір қаласында түнде болған. Оқ тиіп жараланған ер адам Төлеби аудандық ауруханасына түскен. Полицейлердің анықтауынша, қала көшелерінің бірінде 2 көлік қарама-қарсы келіп, бір-біріне жол бермей, сөзге келіп қалған. Соның салдарынан жүргізушінің бірі жәбірленушіні травматикалық қарумен атып, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдікті ұсталды. Тәртіп сақшылары күдіктіден айғақ зат ретінде тапанша тауып, тәркілеген.
Серік Даутбеков, Төлеби аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары:
- Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 293-бабы, 3-ші бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу, тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда 4,3 млн көлік тіркелген. Көлік те көп, жол апатынан қаза табатындар да көп. Күн сайын қара жолдан қаралы хабар келуде.
Өткен 6 айда 850 адамның ажалы жол апатынан келді. 9 мың қазақстандық түрлі дене жарақатын алды. Полиция жолдағы қауіпсіздікті қатайтып жатыр. 17,5 мың жүргізуші көлікке отыру құқығынан айырылды.
Дегенмен атыраулық жүргізушілер үшін мұндай жаза кедергі емес. Облыста өткен «Қауіпсіз жол» шарасы барысында автокөлікті басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған 16 жүргізуші ұсталды.
Бауыржан Сәрсекенов, ОПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:
- Сондай-ақ шара барысында автокөлікті құжатсыз басқарған 111 жүргізуші анықталды. Автокөлікті басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлік тізгіндеген 16 жүргізушіге хаттама толтырылды. 66 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Жолдағы қауіпсіздік жол үстіндегі сыйластықтан басталады. Біз тамсана айтатын Еуропа елдерінде жүргізуші мәдениеті жоғары екенін құлақ та естіп жүр, көз де көрген. Жолдағы тәртіпті орнату үшін заң күшейді, айыппұл да өсіп барады. Дегенмен бір нәрсе анық, жүргізуші мәдениеті түзелмей, жолдағы ахуал да түзелмейді.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі:
- Анда-санда жүргізушілер бір-бірімен басы сыймай шығып қалып жатады. Әрине, кез келген жағдайда сот шешімін қабылдайды. Жүргізушілерге айтарым, сабырлық сақтап, барлығын ақылмен шешкен дұрыс.
Қазақстан бойынша 4 мыңнан астам бейнебақылау камерасының көмегі болар, өткен жылы жол-көлік апаты 7% азайды деген дерек бар. Бірақ бұл біз үшін аз. Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге жоғары. Жыл сайын жол-көлік апатынан 10 мыңнан астам адам көз жұмады. Жолдағы қауіпсіздікті арттыру үшін ҚР Ішкі істер және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, әкімдіктер инфрақұрылымды дамыту шараларын қолға алып жатыр. Бірақ қара жолда одан да құнды нәрсе бар. Ол – ішкі мәдениет, яки қарапайым адами қатынас.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жандос Жұмабек, Арыстанбек Кенже, Айдос Меделбеков