Сәтбаев қаласының 300-ге жуық тұрғыны жүргізуші куәлігін ала алмай жүр
Құжатты алу үшін облыс орталығына дейін 600 шақырым жол жүруге тура келеді. 1 шілдеден бастап республика бойынша сынақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тапсырылатын болды. Тәртіп жалпыға ортақ қабылданғанымен, шалғайдағы қалалар жаңа талапқа дайын болмай шықты.
Заңды түрде жүргізуші атану үшін сынақ тапсыру жеткіліксіз. Нағыз сыннан өтуге тура келеді. Бір жапырақ құжатқа қол жеткізу үшін 600 шақырым жол жүруді сын демеске шара жоқ. Жезқазған, Ұлытау, Балқаш, Сәтбаев, Приозерск қалаларының автоәуесқойлары жүргізуші куәлігін алу үшін Қарағандыға келуге мәжбүр.
Гүлмира Сүлейменова, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары:
- Қарағанды қаласына келіп теориялық және практикалық емтихан тапсыруларына тура келіп отыр. Өйткені ол жақта автодромдар қарастырылмаған. Әрине, Қарағанды облысының аумағы үлкен болғандықтан, алыстан ат терлетіп келетін халықтың наразылығын тудырады. Қазір бұл сұрақ орталық аппаратта талқыланып жатыр. Жақын уақытта жүргізушілердің жергілікті жерде емтихан тапсыру мәселесі шешіледі деген үміттеміз.
1 шілдеге дейін болашақ жүргізушілерден емтихан алып келген полиция бөлімдері жабылды. Жаңа тәртіп шілдеден күшіне енгенімен, аталған қалалардың орталықтары практикалық емтиханға дайын болмай шықты.
Жаңа стандарт мемлекеттік органдарға ғана емес, болашақ жүргізушілерге де көп қиындық тудырып отыр. Мәселен, Оралда ескі тәртіппен емтихан тапсырған үміткерлердің тең жартысы куәлік алып келсе, шілденің бірінші күнінде сынақ тапсырған 731 адамның 699-ы сүрінген.
Луиза Құсайынова, мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім жетекшісі:
- Қазір ешқандай комиссия жоқ. Емтихан тапсыруға келген тапсырушыны кіргіземіз. Компьютерде 40 сұрақ беріледі, 40 минутта өзі тапсырады. Егер жақсы тапсырып шықса, ол автодромға барады. 731 қызмет алушы бірінші рет куәлік алуға тапсырған. Оның 40 шақтысы осы айда тапсырды. Қалғаны құлап қалды деген сөз.
100-ден 6% көлік тізгініне отыруға лайық болып шықты. Шыны бөлмеден шын білімді ғана үлкен жолға жолдама алып шығады.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Айнұр Әбдиева, Ерденбек Жылқайдарұлы