Қарағандыда жол бойында медициналық-құтқару бекеттері жұмыс істейді
Жалпы 2012 жылдан бері еліміздегі күре жолдарда 40-қа жуық осындай бекет ашылған. Осының нәтижесінде соңғы жылдары жол апатынан болатын өлім-жітім азайған.
Дәрігерлер үшін апат болған сәттен көмек көрсетіле бастағанға дейінгі аралықта «алтын сағат» ережесін сақтап, адам өмірін құтқару – маңызды міндет. Емделуші медициналық көмекті неғұрлым ертерек алса, соғұрлым оны аман алып қалу мүмкіндігі жоғарылай түседі.
Мұндай кезде шұғыл әрекет ететін жасақ қашан да көмекке асық. Жол бойындағы медициналық-құтқару бекеттері алғаш рет елімізде 2012 жылы пайда болған. Қазір олардың саны 40-қа жуықтады. Оның 7-еуі Қарағанды облысындағы апатты деген аумақтарда орналасқан.
Қуат Хайдаров, ҚР ІІМ ТЖК Апатты медицина орталығы облыстық филиалының басшысы:
- Трассалық бекеттер транзитті жолаушылар мен жүргізушілерге медициналық-құтқару көмегін ұсынады. Жол апаты кезінде шұғыл дәрігерлік көмек көрсетеді. Бұдан бөлек амбулаториялық науқастардың да медициналық жәрдемді осы бекеттерде алуға құқығы бар.
30 жылдық өтілі бар фельдшер бастапқыда кішкене үрейленгенін айтады. Себебі күре жолдарда көліктердің бетпе-бет соқтығысуы, жыраға түсіп кетуі жиі болады. Адамдар түрлі ауыр дене жарақаттарын алады. Дегенмен осы күнге дейін зардап шеккендердің барлығы ауруханаға аман-есен жеткізілді.
Зихириям Аршидинова, медициналық-құтқару бекетінің аға фельдшері:
- Біздегі реанимобиль көлігі соңғы үлгідегі құтқару құрал-саймандарымен жабдықталған. Мұнда өкпені жасанды желдету құрылғысы да бар. Жәбірленген адамды тасымалдағанда мониторингті міндетті түрде қосамыз.
Әдетте жолдағы апаттар дәрігерлер мен құтқарушылардың өзара бірлесіп әрекет етуін қажет етеді. Апатқа ұшыраған адамды майысқан көліктен денесіне жарақатсыз шығарып алу асқан шеберлік саналады. Осы орайда арнайы көлік керекті нәрсенің бәрімен, ал бригада білікті құтқарушы мамандармен жабдықталған.
Ардақ Абдулин, медициналық-құтқару бекетінің құтқарушысы:
- Кескіш – әмбебап сайман. Қайшының да, кеңейткіштің де қызметін атқарады. Салмағы 3 тонна болатын темірді үзіп, кесіп тастай алады. Құтқарушылардың сүйікті құрал-сайманы саналады. Біз демалыссыз жұмыс істейміз. Тәуліктің кез келген мезгілінде сақадай сай болуымыз керек.
Бригада мамандарына жиналып даярлануға небәрі 2 минут жеткілікті. Ал жолға ең көп дегенде жарты сағат кетеді. Жалпы трассалық медициналық-құтқару бекеттерінің жасағы құрылғалы бері 1500-ден артық шақыртуға шығып, осынша адамға дәрігерлік көмек көрсеткен. Екі мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал жолдағы өлім-жітім көрсеткіші екі есе азайды.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Юлана Чаус, Сайлау Игіліков