Алматы облысындағы дала өртінен 3 адам қаза тауып, 7 адам ауруханаға түсті
Өрт түс әлетінде тау бөктеріндегі жайылымдық жерден тұтанған. Қаза тауып, жарақат алған адамдардың көбі тілсіз жауды ауыздықтауға барған еріктілер екен.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Жаркенттегі аудандық ауруханаға тікұшақпен 7 адам жеткізілген еді. Денесін жеңіл күйік шалған бесеуі дәрігерге көрінген соң үйлеріне қайтып кеткен. Қазір мұнда 2 адам жатыр. Бірі хирургия, екіншісі жансақтау бөлімінде. Олардың денсаулығы дәрігерлердің жіті бақылауында.
Ерболат Бегембеков, Панфилов аудандық ауруханасы директорының орынбасары:
- Жатқан 2 науқастың біреуінің күйген аймағының көлемі 30-35% болғандықтан, ол жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы ауыр деуге болады. Қазіргі кезде күйіктен алған шок дәрежесінде. Науқас есін біледі. Екіншісі хирургия бөлімінде жатыр. Оның денесінің 10-15% күйген.
Қызыл жалынның құрсауында қалып, ауруханаға түскен Ғабит Мақсұтовтың анасы қайғылы жағдайды ести салысымен Талдықорғаннан Жаркентке жеткен. Ғабит «Жаркент» орман шаруашылығы» мекемесінде 20 жылдан бері орманшы болып жұмыс істейді екен. Оның үш баласы бар. «Апат айтып келмейді, сондықтан ешкімге кінә артпаймын. Бар болғаны бауыр етім баламның ауруханадан тез жазылып шыққанын қалаймын», – дейді анасы.
Айнакөз Мақсұтова, Ғабит Мақсұтовтың анасы:
- Балам үшін мен жылап жүрмін. Жұмыс орнына да бардым. Енді шамасы келгенше дәрігерлік те, қаржылай да көмектерін көрсетіп жатыр. Рахмет! Ешкімге кінә артпаймын, бұл да бір аяқасты болған оқиға ғой.
Дала өрті түс әлетінде Жаркенттен 60 шақырым жердегі Арасан шатқалында тұтанған. Шығу себептері әлі белгісіз. Қазір онда ТЖД мен «Жаркент» орман шаруашылығы» коммуналдық мекемесінің 100 шақты маманы жұмыс істеп жатыр. Қызыл жалын 400 гектар жерді шарпыған. Тілсіз жаумен күресуге екі тікұшақ пен 20 шақты техника жұмылдырылды. Өртті сөндіру әлі мүмкін болмай жатыр. «Қызыл жалынмен арпалыста қаза тапқан азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетіледі», – дейді облыстық әкімдік өкілдері.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Өрттен қаза тапқан адамдардың екеуі 5 баладан тәрбиелеген. Сондықтан марқұмның балаларына мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй беріледі. Алматы облысының әкімдігі қайтыс болған азаматтардың туысқандарына көңіл айтады.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Өрт сөндіруге барып ажал құшқан 2 адамның денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұм болған азаматтардың отбасына біз де қайғырып көңіл айтамыз. Мың түрлі бәле-жала мен айтып келмейтін осындай апаттардан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев