Биыл елімізде алма ағаштары аз өнім берді
Ішкі нарықты өз алмамызбен қамту үшін алмабақ көлемін арттыру қажет. Бұл бағытта «Агробизнес 2020» бағдарламасы бойынша алма өсіруді қолға алған шаруаларды субсидиямен қолдау бағдарламасы бар. Нәтижесінде Жетісу жерінде жыл сайын интенсивті бақтар көлемі артуда.
Апортымен әлемге танылған Алматыдағы әйгілі көк базар. Мұнда қысы-жазы алманың сан алуан түрі сатылады. Бүгінде сирек көретін апорт та осында. Өз бақтарымызда өскен алмамен бірге Қытай мен Еуропадан әкелінген алмалар да бар. Бағасы да арзан емес. Дегенмен тұрғындар отандық өнімді артық көреді.
Таудың етегінде орналасқан Еңбекшіқазақ ауданы жыл сайын интенсивті бақ көлемін арттыруда. Қазір 1500 гектар алмабақ бар. Жергілікті шаруалар алма өсірудің тың әдіс-тәсілдерін игеріп, ұтымды қолданып жатқандарын айтады.
Алмас Садуақас, тілші:
- Аумағы 100 гектар болатын бұл алмабақта 300 мың түп ағаш бар. Әр ағаш кемінде 5 келіге дейін алма береді. Жалпы бұл бақта алманың 3 түрі өсіріледі.
Қожалықтың алма сақтайтын арнайы қоймасы бар. Дәмі тіл үйірер алманың «гала» атты түрі енді 2 жетіден кейін жиналады. Былтыр әр гектардан орта есеппен 60 тонна өнім жиналған.
Ринат Рафиков, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:
- Алма өсіру ісінде еуропалық агрономдардан көп тәжірибе алдық. Биыл өнім жақсы. Қазан айына дейін бақтағы алма толық жиналады. Ішкі нарықпен қатар біздің алмаларға Ресейден сұраныс көп.
Қазіргі уақытта еліміздегі алмабақтардың көлемі 34 мың гектарға жуық екен. Ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін оның көлемін 2 есе ұлғайту қажет. Оған жер де, мүмкіндік те бар.
Серік Садықов, қазақтың жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ басқарма басшысы:
- Бізде алма өсіруші шаруаларға арнайы инвестициялық субсидия бөлінеді. 1 гектар жерге алма отырғызуға жұмсалатын шығынның 40% ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өтейді. Бұл – шаруалар үшін айтарлықтай жақсы қаржылық қолдау.
Жалпы еліміздің әр тұрғыны жылына бір келі алма тұтыну қажет. Ол үшін жылына 270 мың тонна алма өндіру керек екен. Алайда қазіргі уақытта бұл көрсеткіш төмен. «Сырттан келетін импорттық алмаға тосқауыл қою үшін алдымен жергілікті шаруаларға жағдай жасап, еліміздің басқа өңірлерінде де алмабақ көлемін арттырсақ, сұранысты толық қамтуға болар еді», – дейді шаруалар.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев