Ақтөбеде миллионнан астам жас көшет қурап қалды
Алайда оның өсіп-жетілуіне ешкім көңіл бөлмеген. Көшеттер отырғызылғанымен, оны күтіп-баптауға ешқандай қаражат қарастырылмапты. Нәтижесінде ағаштар екі жыл ішінде әбден қурап біткен.
Қала аумағында жасыл белдеу қалыптастыру жобасы 2017 жылы қолға алынған. 1 мың гектар аумаққа 1 млн 200 мың түп ағаш егілген. Ортасында ұшақтағы жолаушыға қала атауы көрінетіндей етіп «Ақтөбе» жазуы қылқан жапырақты көшеттерден отырғызылыпты. Алайда олардың күйі көңіл көншітпейді.
Евгений Лазарчук, еріктілер ұйымының жетекшісі:
- Осы маңды келіп қараған едік. Тіпті қайсысы көшет, қайсысы арамшөп екенін ажырату қиын болды. Қаншама қаражатқа ағаш отырғызылды. Оны қарау керек еді.
Әуежай маңын жасыл желекке айналдыру үшін 70 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Негізінен қарағаш, шаған, жиде, орман алмасы және өзге де тал-терек отырғызылыпты. Дегенмен миллион түптің қурап кеткенін жауапты мекеме өкілдері де мойындап отыр. Егу жұмыстарын жүргізген компаниядан кейін ешкім қолға алмаған. Ал суарып, күтіп-баптау үшін жылына 2 млрд қаржы қажет. Ондай қаражат бюджетте қаралмапты.
Хасан Юсупов, қалалық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Суару жұмыстары оған қарастырылмайды. Бұл шыбықтармен егілетін болған соң, далалық жердегі ылғалмен және атмосфералық жауын-шашынның суымен жерсініп өсуі тиіс. 2018 жылы ауа райының ыстықтығына, қуаңшылығына байланысты көбісі қурап кетті.
Ал облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағылар жасыл белдеуді қалыптастыру жұмысы әуелден-ақ дұрыс жүргізілмегенін айтады. Тіпті арнайы жоба да болмапты. Ең бастысы: тиісті талап сақталмаған.
Ғабит Қылышбаев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Орман алқаптарын құрмастан бұрын алдымен мамандандырылған мекемені тарта отырып, орман орналастыру жобасын әзірлеу қажет. Оны мемлекеттік сараптамадан өткізу керек. Содан кейін бір жыл бұрын жер дайындау жұмыстарын жүргізген дұрыс. Осы типтес агротехникалық жұмыстар ұйымдастырылған соң ол жақсы көрсеткішке жеткізеді. Ал норматив бойынша біздің Ақтөбе облысына орман екпелерінің шығымдылығы 60% кем болмауы тиіс.
Әуежай маңында қурап қалған жас шыбықтар жасыл белдеу қалыптастыруда іске аспай қалған жалғыз жоба емес. Қалалық қоқыс алаңы айналасында отырғызылған 100 мыңнан астам түп тал да қурап жатыр. Ал орман шаруашылығы мамандары: «Мұндай жұмыс жүргізілмес бұрын алдымен зерттеу қажет», – дейді. Себебі өңірдегі климаттың өзіндік ерекшелігі бар.
Шадияр Байдуллин, «Ақтөбе орман шаруашылығы» КММ директоры:
- Қала айналасына қылқан жапырақты ағаштарды үлкен көлемде баптап шығару қиын. Себебі оған үлкен қаражат керек. Негізі біз шаған, үйеңкі, қарағаш сынды ағаштарды отырғызуға кеңес берер едік. Олар қаланы желден қорғауға, ауасын тазартуға, оттегін шығаруға мол септігін тигізеді.
Миллионнан астам ағаш қурап, оған жұмсалған қаржы желге ұшқанымен, ақтөбелік шенеуніктердің бұл тұрғыда алға қойған жоспарлары көп. «Келер жылдан бастап қала аумағындағы 3 мың гектар жерге жаңа көшеттер отырғызамыз», – деп отыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнаддин Молдабеков