Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында бөгеттер жөнделіп жатыр

Бүгін – су шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл салада «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және жауапты министрліктің мамандарын қосқанда 10 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Су тасқыны салдарын жоюда осы сала қызметкерлері ерекше жұмылып жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысында «Мәртөк» бөгеті жөнделіп жатыр. Өткен ғасырдың соңында қолданысқа берілген гидротехникалық нысан әбден ескіріп, көктемгі тасқынға төтеп беруге қауқарсыз боп қалған еді. Жаңа тоған қарғын суды арнасына жиып, жаздың күні жан-жануар мен өсімдікке нәр болады. 

Аққайың ауылы маңындағы Мәртөк бөгетінің сыйымдылығы 235 мың текше метр. Соңғы жылдары жағасын су шайып, көктемгі тасқында төмендегі елді мекендерге қауіп төндіретін. Былтыр жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жер кепкен соң мердігер 34 жыл бұрын салынған су қоймасын жөндеуге кірісіп кетті.

Биыл құбырларын жаңартып, қосымша арна қазуға бюджеттен 147 млн теңге қаржы бөлінді. Бөгет толған жағдайда секундына 6 текше метр су жіберуге қауқарлы. Былтыр Мәртөк ауданында дәл осындай «Қазан-2» гидротехникалық құрылғысы қалыпқа келтірілген еді. Нәтижесінде өзен бойындағы елді мекендер көктемгі тасқыннан дін аман қалды.

Аслан Айтмағамбетов, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары:
-Көктемде енді бізде біраз көмегін көрсетті. ГТС болғанның арқасында су қатты ағыс болмай, жаймен ағып екі ауылға қауіп болған жоқ.

Мәртөк ауданындағы тағы 3 су қоймасын жөндеу қажет. Қазір мамандар тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге кіріскен. Жалпы өңірде биыл 15 гидротехникалық нысан қайта жарақталады. Олардың барлығын көктемгі тасқын кезінде сең бұзған.

Жомарт Бақыткелдіұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
-Жобалық сметалық құжаттамалары дайындалып, сараптамаға жіберілді. Сараптаманың оң қорытындысын алған соң жұмыс басталады. Ағымдағы жылы барлық жұмыстарын аяқтау жоспарға енгізіліп тұр. Барлығын алған кезде 4 млрд-тан астам қаражат керек.

Жергілікті билік өңірден тағы 4 су қойма салуды көздеп отыр. Құрылысы 2025-2027 жылдарға жоспарланған. Бөгеттердің су қоры шамамен 60 млн текше метр болады. Бұл 2 мың гектар алқапты суғаруға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов