Петропавл тұрғындарын ескертусіз жылудан ажыратты
Өйткені орталық көшелердің бірінде апатты деп танылған үйлер сүріліп, жылу магистралі де алынып тасталған. Қазір енді жеке секторда тұрып жатқан адамдар қысқа қалай қамданарын білмей дал.
Қыс жақындаған сайын Ләззат Есентаеваның уайымы еселене түсті. Өйткені маусым айында апатты үйлерді сүре бастаған кезде, оның баспанасын жылу магистралінен еш ескертусіз ажыратып тастаған. Содан бері кейуана қалалық әкімдікке де, жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорынға да арызданған. Алайда әлі күнге дейін жауап жоқ. Сондықтан қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдайды.
Ләззат Есентаева, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Қыс жақындап келе жатыр. Мен балалармен бірге тұрамын. Қызым бүгін-ертең сәбилі болмақ. Соның бәрі қиын болады деп ойлаймын. Үйдің ішінде пеш жоқ. Қыркүйектен бастап үй де салқындайды.
Жауап болмаған соң тұрғындар полицияға да шағымданыпты. Қазір аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Кәсіпкер Татьяна Моор 2009 жылы көлік жөндеу станциясын ашқан. 6 адам еңбек етіп келген орталықта бүгінде бір ғана маман қалыпты.
Татьяна Моор, кәсіпкер:
- Мына дардай кешенді қалай жылытамын? Ертең мәселе шешілмесе, барлық жұмыс тоқтайды. Осы күнге дейін жылу үшін төлемді уақытылы жасап келемін. Салықты да төлеп тұрамын. Еш ескертусіз келіп, құбырды неліктен кесіп кеткендері түсініксіз.
Ал қалалық әкімдіктің қызметкерлері бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. Сондықтан олардан бұл жайында тұшымды жауап ала алмадық.
Қазір бұл учаскеде апатты баспаналардың орнына екі көпқабатты тұрғын үй тұрғызылатын болады. Сондықтан құрылыс және қала сәулеті бөлімі жауапты мекемеге ескі жылу құбырларын толығымен алып тастауды тапсырған.
Виталий Холоша, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженері:
- Біз бұл мәселеден хабардармыз. Тұрғындарға уайымдамауға кеңес береміз. Оларға жылу уақытша басқа құбыр арқылы тартылатын болады. Бұл шаруаларды біз өз есебімізден жүргізетін боламыз.
Жылумен қамту кәсіпорнының мамандары аталған мәселені 1 қыркүйекке дейін шешіп береміз деп уәде етті.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев